
Ордабасы ауданында халықты газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгін Шұбар ауылдық округіне қарасты Токсансай, Береке және Сарытогай елді мекендеріне «көгілдір отын» берудің салтанатты рәсімі өтті. Ауыл тұрғындарын қуантқан бұл маңызды шараға арнайы келген аудан әкімі Азат Оралбаев пен облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш халықты құттықтады.
Тұрғындарды құттықтаған аудан әкімі бұл маңызды істің жүзеге асуына облыс басшылығы мен облыстық мәслихат депутаттарының үлкен қолдау көрсеткенін ерекше атап өтті. Өз сөзінде облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқанын айтып, ауыл тұрғындарына жылы лебізін білдірді. Ал ауыл тұрғындары өз кезегінде бұл игілік үшін зор алғыстарын білдіріп, халық игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға ақжарма тілектерін жеткізді.
Айта кетейік, 2021 жылы ауданның 25 елді мекенін газбен қамтуға мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған болатын. Соңғы екі жыл ішінде аудан әкімінің үйлестіруі мен бақылауының арқасында аудан халқын табиғи газбен толық қамту бағытында нақты әрі жүйелі жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, бүгінде ауданға қарасты 57 елді мекеннің 36-сы табиғи газға қосылды. Екі жыл ішінде ауданның газдандыру көрсеткіші 15,7%-дан 63,1%-ға дейін өсті.
Келесі кезеңде Шұбарсу ауылын газдандыру жоспарланып отыр. Биыл ауылға газ құбырының құрылысын бастау үшін бастапқы қаржы бөлініп, жұмыстар басталатын болады. Сонымен қатар, басқа да елді мекендерде газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы екі жылда аудан толықтай газбен қамтылмақ.
Енді газ келген ауылдардың тұрғындары өз үйлеріне газ кіргізу жұмыстарын жүргізуі қажет. Осыған байланысты аудан әкімі ауылдық округ әкімдеріне бұл үдерісте тиісті қолдау көрсетуді тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі