Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан мен Тверь облысы ПМЭФ-2025 аясында әріптестікті кеңейтуде

Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы – 2025 аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Тверь облысының губернаторы Игорь Руденя іскерлік кездесу өткізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту және өңірлер арасындағы жаңа меморандумға қол қою мәселесін талқылады.

 

Кездесу барысында Нұрымбет Сақтағанов Ресей аймақтарымен тұрақты байланыстардың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ШҚО-ның сыртқы сауда айналымының шамамен 26%-ы Ресей Федерациясына тиесілі. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың қорытындысы бойынша 1,2 миллиард АҚШ долларын құрады.

 

– Біз меморандумға қол қою екі өңір арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жандандырып, тауар айналымы мен өзара инвестиция көлемінің айтарлықтай өсуіне ықпал етеді деп сенеміз, – деді өңір басшысы.

 

Өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі биыл сәуір айында ҚР Парламенті Сенаты мен РФ Федерация Кеңесі арасындағы комиссияның 23-отырысында егжей-тегжейлі талқыланған болатын.

 

Кездесу соңында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Тверь облысының губернаторын 10 қыркүйекте өтетін «Altai Invest – 2025» халықаралық инвестициялық форумына қатысуға шақырды. Форум барысында өңірдің инвестициялық тартымдылығы, мәдени және өндірістік әлеуеті таныстырылады.

 

– Біздің әріптестігіміз өзара тиімді әрі нәтижелі болады деп сенемін, – деді Нұрымбет Сақтағанов, кездесу жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғысын білдіре отырып.

Back to top button