Астанада мемлекеттік тілге арналған креативті фотозоналар орнатылды

2025 жылдың жаз айларында Астана қаласының әр ауданында мемлекеттік тілді насихаттаудың жаңа, заманауи форматы — «QAZAQSHA FOTOZONE» жобасы жүзеге асырылды. Бұл жоба Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен іске асырылды.
Жобаның негізгі мақсаты — қазақ тілін визуалды кеңістікте сәнді, заманауи әрі тартымды форматта ұсыну арқылы жастардың ана тіліне деген қызығушылығын арттыру. Креативті фотозоналар, стильді қазақша фразалар және трендке сай дизайн шешімдері — осының бәрі мемлекеттік тілді қолжетімді әрі заманауи етудің тиімді жолына айналды.
Фотозоналар келесі орындарда орнатылды:
Нұра ауданы, Ғашықтар аллеясы — «Қазақша сөйлеу сәнде», «Отаны бірдің – жүрегі бір»
Сарыарқа ауданы, Арбат — «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Қазақша сөйлеу сәнде»
Алматы ауданы, Жетісу паркі — «Біріңді қазақ, бірің дос. Көрмесең істің бәрі бос»
Алматы ауданы, Триатлон паркі — «Тіл тазалығы – ой тазалығынан басталады»
Фотозоналар тек көрнекілік мақсатында ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, #qazaqsha хэштегімен жастар арасында қызығушылық туғызды.
Жоба аясындағы нақыл сөздер:
– Қазақша сөйлеу – сәнде
– Тіл тазалығы – ой тазалығынан басталады
– Атаның баласы болма, адамның баласы бол
– Отаны бірдің – жүрегі бір
– Біріңді қазақ, бірің дос. Көрмесең істің бәрі бос
Бұл бастама қазақ тілін күнделікті өмірде қолдануға, жастар арасында танымал етуге және ұлттық рухты заманауи үлгіде дәріптеуге нақты қадам болды.