Жаңалықтар

Түркістан облысында отбасыларды қолдау орталықтары 4000-нан астам әлеуметтік қызмет көрсетті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында ел көлемінде әлеуметтік саясатты күшейту, халықтың әл-ауқатын арттыру және қоғамдағы осал топтарды қолдау шаралары біртіндеп жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы нақты істердің бірі – Түркістан облысында жұмыс істеп тұрған отбасын қолдау орталықтарының қызметі.

Бүгінгі таңда облыс бойынша 17 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар көп балалы, жалғызбасты аналарға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, қиын жағдайға тап болған азаматтарға және тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендерге кешенді түрде психологиялық, заңгерлік және әлеуметтік көмек көрсетіп келеді.

Жыл басынан бері бұл орталықтарға 4782 өтініш түсіп, нақты 4033 қызмет түрі көрсетілген. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар тарапынан 426 дабыл белгісі тіркеліп, олардың әрқайсысы бойынша тиісті жұмыстар жүргізілген. Осы көрсеткіштер – атқарылып жатқан жұмыстың ауқымын және халықтың орталықтарға деген сенімін көрсетеді.

Аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Нұрлхан Көшеровтың төрағалығымен өткен арнайы жиында жан-жақты қаралды. Жиында өңір басшысы жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдерінің орынбасарларына нақты тапсырмалар жүктеді.

– Біз отбасыларға тек материалдық емес, моральдық, психологиялық тұрғыда да демеу болуымыз керек. Әрбір аудан мен қалада отбасын қолдау орталықтарын жеке ғимаратпен қамту, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту – басты міндет. Сонымен қатар, қиын жағдайға тап болған азаматтарды қайта қоғамға бейімдеп, толыққанды өмірге оралту бағытындағы шаралар жүйелі жүргізілуі тиіс. Мобильді топтардың жұмысына да ерекше көңіл бөлінуі қажет, – деді облыс әкімі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күмісгүл Мирова жиын барысында орталықтардың бүгінгі жұмысы жайлы жан-жақты баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда орталықтарда психологтар, заңгерлер мен әлеуметтік қызметкерлер тынымсыз еңбек етуде. Олар әрбір өтінішті жеке қарастырып, қажет болған жағдайда жедел әрекет етеді.

Бірқатар аудандарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтар үшін уақытша тұру орындары да қарастырылған. Бұл жерлерде жәбірленушілерге бір айға дейін паналау мүмкіндігі беріліп, толық әлеуметтік көмек көрсетіледі. Алайда, кей аудандарда мұндай орындардың әлі күнге дейін қарастырылмағаны сынға алынды. Аймақ басшысы бұл бағытта кешіктірмей нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Қазіргі заман талабы – цифрландыру. Осыған орай облыста FSM Social атты мобильді қосымша іске қосылды. Бұл цифрлық жүйе отбасын қолдау орталықтарының қызметін автоматтандыруға, өтініштерді жедел тіркеуге, нақты жоспарлы жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді. Мобильді қосымшаның көмегімен сигналдар шұғыл қабылданып, әрбір азаматқа жекелей жоспар құрылады, сондай-ақ көмектің орындалу барысы толық бақылауда ұсталады.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда облыста 5000-ға жуық маманнан құралған мобильді топтар құрылып, барлық аудан мен қалада тұрақты түрде жұмыс істеуде. Олардың құрамында әлеуметтік сала мамандарымен қатар, ішкі істер, білім, денсаулық сақтау және қамқоршылық қызметінің өкілдері де бар. Бұл – мекемелер арасындағы үйлесімді байланысты нығайтып, нақты нәтижеге қол жеткізуге бағытталған кешенді тәсіл.

Түркістан облысындағы отбасын қолдау орталықтарының қызметі – бұл әлеуметтік саясаттың нақты көрінісі. Қиындыққа тап болған әрбір азаматтың жанында болып, оларды қоғамға бейімдеп, өмір сүруге жаңа мүмкіндік беру – бүгінгі биліктің басты миссиясы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button