Жаңалықтар

Абай мұрасы – халық даналығы: елімізде жалпыреспубликалық әдеби кеш өтті

 

2025 жылғы тамыздың алғашқы күндерінде Қазақстанның барлық өңірінде бір мезгілде «Абай мұрасы – халық даналығы» атты әдеби кеші ұйымдастырылды. Аталған кеш ұлы ақын, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды.

Іс-шара Семей қаласы әкімдігінің қолдауымен және Абай облысы әкімдігінің жастар саясаты басқармасының бастамасымен өтті.

Кештің негізгі мақсаты — Абайдың шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау, ұлттық рухани мұраға деген қызығушылықты арттыру және жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамыту болды.

Іс-шара аясында Абайдың әндері хор және жеке орындауда шырқалды, қатысушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ерекше форматтағы «Ашық микрофон» алаңында жастар өз туындыларын – Абайға арналған арнау өлеңдерін оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Кештің тағы бір ерекшелігі — «Жұмысшы мамандықтар жылы» шеңберінде түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтардың Абай әндерін орындауы болды. Олар осылайша ақын мұрасына деген өз құрметін білдірді.

Абай облысының жастар саясаты басқармасы әзірлеген бірегей тұжырымдама негізінде бұл кеш Қазақстанның барлық өңіріне таратылып, бір күнде өткізуге мүмкіндік берді. Бұл бастама Абай мұрасын ел көлемінде кеңінен насихаттауға және жастар арасында рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button