Қарауылдағы заң мен тәртіпті Өскемендік әскерилер қамтамасыз етті

Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінің 150-ден астам әскери қызметшісі Абай облысының Қарауыл ауылында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша екі күн бойы қызмет атқарды. Мұнда ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды мерекелік шара өтті.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында бөлімнің жеке құрамы патрульдік қызметке тартылып, мерекелік іс-шаралар өткен орындар қоршауға алынды. Әскерилер қонақтар үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасады.
— Біздің негізгі міндетіміз — осындай ауқымды шараның қатысушылары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті сақтау болды. Қатардағы жауынгерден бастап сержанттар мен офицерлерге дейін барлығы екі ауысымда, үздіксіз қызмет атқарды, — деді ҚР Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің бастығы Багдат Амангелді.
Ұйымдастырушылар мен ауыл тұрғындары сарбаздардың жоғары дайындығын атап өтіп, олардың арқасында мерекелік атмосфера мен қауіпсіздік сақталғанын атап өтті.