
Шығыс Қазақстан облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған Шемонаиха ауданының №4 орта мектебінде ашық есік күні өтті. Ата-аналар жаңа мектептің заманауи сыныптарымен, зертханаларымен, STEM-кабинеттерімен танысып, балаларының сапалы білім алуына толық мүмкіндік жасалғанын көрді.
Жаңа оқу жылының басында ата-аналар Шәкәрім атындағы №4 мектепке арнайы шақырылып, білім ордасымен танысты. Ата-аналарға мектептің заманауи және толық жабдықталған сыныптары, арнайы кабинеттері мен мүмкіндіктері көрсетілді. Олар мектептің материалдық-техникалық базасын, оқу жабдықтарын, зертханаларын және оқу үдерісінің ерекшеліктерін көріп, оң бағасын берді.
– Ғимарат заманауи, іші кең, жарық, барлық жағдай жасалған. Балаларға ыңғайлы болу үшін ұсақ-түйекке дейін ойластырылған: жеке шкафтар, бейнебақылау, қауіпсіздік жүйесі бар. Оқу ғана емес, шығармашылық пен спортқа да көңіл бөлінген. Балалар мұнда өзін еркін сезінеді, мектепке қуана келеді. Жалпы, әсеріміз өте керемет, – деді ата-ана Алена Агафонова.
Мектепте оқушылар үшін толыққанды білім алу мен шығармашылық дамуға арналған барлық қажетті жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, физика, химия және биология пәндеріне арналған арнайы кабинеттер мен STEM-зертханалар заманауи құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар роботты техника кабинеті мен интерактивті панельдер әр сыныпта оқушылардың білім алуы мен шығармашылығын дамытуға бағытталған. Ашық есік күні барысында ата-аналар осы мүмкіндіктердің барлығымен жақын танысып, оқу кабинеттерін, зертханаларды аралап шықты. Олар сынып бөлмелерінің цифрлық технологиялармен толық қамтылғанына назар аударып, бұл шешімнің оқыту процесін тиімді әрі интерактивті ететінін атап өтті.
– Ата-аналарға жаңа оқу жылы қарсаңында оқу кабинеттерін, жабдықтарды, мектептің инфрақұрылымын көрсетіп, жалпы оқу процесімен таныстырдық. Ашық есік өткізудегі мақсатымыз – сенімге негізделген орта қалыптастыру, сондықтан мұндай шаралар ата-аналармен тығыз байланыс орнатуға үлкен септігін тигізеді, – деді мектеп директоры Нәзигүл Тотекина.
Ата-аналар мектептің ішкі инфрақұрылымымен де танысты. Оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында коворкинг аймағы мен демалыс орындары ұйымдастырылған. Оқушыларға ыңғайлы әрі жайлы орта жасау үшін барлық сыныптарда әдемі және кең кеңістіктер қарастырылған. Бұл да – мектептің білім беру сапасын арттыруға ықпал ететін негізгі факторлардың бірі.
Мектептің инклюзивті білім беру жүйесі де ерекше назарға алынған. Ерекше білім қажеттілігі бар оқушылар үшін арнайы сыныптар мен қолдау кабинеттері бар, сондай-ақ мектеп ғимаратында пандустар, лифтілер, санитарлық тораптар мен тактильді бағыттаушылар орнатылған.
Шәкәрім атындағы №4 мектептің ашылуы Шемонаиха ауданындағы білім беру жүйесіне тың серпін беріп отыр. Ата-аналар мектептің балаларына сапалы біліммен қатар, жан-жақты даму мүмкіндігін береріне сенімді.