Елімізде «AUYL SPORT 2025» II өңірлік турнирлері басталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударды. Президенттің осы бастамасын қолдап, Тимур Құлыбаевтың «Halyk» қайырымдылық қоры ауыл жастарына үлкен спортқа жол ашатын «AUYL SPORT 2025» турнирін өткізуде.
11 қыркүйек пен 12 қазан аралығында өтетін II өңірлік турнирдің шымылдығы қасиетті Сыр елінде түрілді. Қызылорда облысында өткен алғашқы кезеңге 500-ден астам жас спортшы қатысып, каратэ, баскетбол, волейбол, бокс, еркін күрес, шахмат және үстел теннисінен өз бақтарын сынады. Жарыстың әділ өтуін 70-тен астам тәжірибелі төреші қадағалады.
Жарыс қорытындысында 73 алтын, 73 күміс және 90 қола медаль үлестірілді. Жалпы есепте Жаңақорған ауданы көш бастап, 17 алтын, 18 күміс, 5 қола еншіледі. Қазалының жастары да намысты қолдан бермей, 16 алтынды жеңіп алды. Қармақшы, Шиелі, Арал, Жалағаш және өзге де аудандардың спортшылары да жүлделі орындарға табан тіреді.
Алдағы 3–6 қарашада Алматыда өтетін республикалық финалда қызылордалықтар ел біріншілігі жолдамасын сарапқа салады.
Турнирді ұйымдастырған «Halyk» қорының Атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов жарыстың басты мақсатын айқындады:
«Сыр елінде бастау алуы бекер емес. Бұл өңір қазақ спортына талай батырларды сыйлады. Біз ауыл жастарына спорт арқылы жаңа мүмкіндіктер беріп, оларды танытып, болашақ жеңістерге жол ашуды көздейміз. Бұл дода – жас спортшылар үшін алғашқы қадам, ал ел үшін – болашақ чемпиондардың мектебі».
Жарысқа қатысқан 13 жастағы Нұрдәулет әсерімен бөлісті:
«Бұл – үлкен спорттағы алғашқы қадамым. Қатты толқыдым, бірақ бар күшімді салдым. Болашақта Қамшыбек Қоңқабаевтай чемпион болғым келеді. Осындай мүмкіндік бергендерге рахмет!»
«AUYL SPORT» жобасы алғаш рет 2024 жылы басталған болатын. Бір жылдың ішінде 200 ауылдан 10 мыңнан астам бала қатысып, нағыз спорт мерекесіне айналды. Алматыда өткен финалға 1300 үздік спортшы жиналды. Қатысушылар тегін спорттық киім, жол ақысы мен жатын орынмен қамтамасыз етіліп, кәсіби деңгейде ұйымдастырылған додаға куә болды.
2025 жылдың көктемінде AUYL SPORT жеңімпаздары Қазақстан құрамасының сапында Сербиядағы ISF U-15 Гимназиадасына аттанып, ел намысын қорғады. 22 жас қазақстандықтың 12-сі ауыл балалары еді. Нәтижесінде, Қазақстан құрамасы 11 медаль жеңіп алып, оның төртеуін ауыл спортшылары қанжығасына байлады.