АймақтарЖаңалықтар
Trending

20 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысында Дүниежүзілік тазалық күні өтеді

20 қыркүйек күні бүкіл Шығыс Қазақстан облысында халықаралық деңгейдегі ірі экологиялық акция – World Cleanup Day («Дүниежүзілік тазалық күні») ұйымдастырылады. Бұл бастама жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған адамды біріктіріп, ғаламшарымызды таза әрі жайлы ортаға айналдыруға бағытталған, деп хабарлайды Basnews.kz.

Акция аясында облыстың қала және ауыл тұрғындары саябақтарды, аулаларды, өзен-көл жағалауларын, қоғамдық демалыс орындарын және басқа да аумақтарды тазартуға шығады. Әр елді мекенде тазалық жұмыстары жергілікті тұрғындар, ұйымдар мен белсенділер таңдаған аумақтарда жүргізіледі.

Өскемен қаласында бұл акция ауқымды түрде өтеді. Мектептер мен жоғары оқу орындарының студенттері, кәсіпорындар мен ұйымдардың ұжымдары өздеріне бекітілген аймақтарда тазалық жұмыстарын жүргізеді. Ал экологиялық еріктілер мен мемлекеттік органдар өкілдері үшін арнайы аймақ ретінде Шмелев Лог аумағыбелгіленген.

Шара «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында ШҚО және Өскемен қаласы әкімдіктерінің, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, ШҚО Экология департаментінің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен түрлі экологиялық қозғалыстардың қолдауымен өтеді.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі акция қорытындысын Қазақстан рекордтар кітабы – «ҚАЭА»-ға енгізу үшін өтінім берді. Осыған байланысты ұйымдастырушылар рекордқа қол жеткізу үшін өңірдің әр тұрғынын белсенділік танытып, ортақ іске үлес қосуға шақырады.

Акцияға мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері, студенттер мен оқушылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, еріктілер қозғалысының мүшелері, сондай-ақ облыстың белсенді тұрғындары қатысады деп күтілуде. Әсіресе жастар қауымы үшін бұл тек тазалық жұмыстары ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың және табиғатқа жанашырлық танытудың маңызды үлгісі болмақ.

Айта кетейік, World Cleanup Day – бүгінде 190-нан астам елді қамтитын халықаралық қозғалыс. Қазақстан бұл бастаманы дәстүрлі түрде белсенді қолдап, өз азаматтарының табиғатты қорғаудағы жауапкершілігі мен ұйымшылдығын көрсетіп келеді.

Ұйымдастырушылар Шығыс Қазақстан облысының барлық тұрғындарын аталған бастаманы қолдап, туған өлкенің табиғаты мен тазалығын сақтауға үлес қосуға шақырады. 20 қыркүйекте Дүниежүзілік тазалық күніне қосылыңыз – және болашақ ұрпаққа таза, әдемі, экологиялық қауіпсіз өлке қалдыруға атсалысыңыз!

Басқа жаңалықтар

Back to top button