17 жылдық табандылықтың тағылымы: Қабылжан Эгамбердиев “Жыл үздігі” атанды

Түркістан өңірінде волейбол десе, ойға бірден Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылы оралады. Облыс пен республика деңгейінде аты аталып жүрген бұл ауылдың спорттағы беделі кездейсоқ қалыптасқан жоқ. Оның артында маңдай терін аямай төккен бапкерлер мен талай шәкірттің маңдайына жазылған еңбек, төзім мен табандылық жатыр.
Сол қажырлы жолдың айқын көрінісі — Эгамбердиев Қабылжан Рахманқұлұлының биыл академия тарапынан “Жыл үздігі” атанып, лайықты марапатқа ие болуы. Бұл — бір маусымның емес, он жеті жылға созылған адал еңбектің, үздіксіз ізденістің өтеуі.
Қабылжан Рахманқұлұлы спортқа кеше келген жан емес. Жас күнінен спорттың ыстығы мен суығына шыңдалып, он жыл бойы бокспен шұғылданып, Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Бегзат Саттарханов атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатында тәлім алып, кейін Достық университетінде білімін жалғастырды. Мұнда пауэрлифтингпен айналысып, спорт шебері дәрежесіне жетті. 2007 жылы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатына қатысып, халықаралық додада да бақ сынады.
2008 жылы туған топырағына оралып, Қарабұлақ ауылындағы мектептен волейбол үйірмесін ашты. Сол сәттен бастап оның тағдыры ауыл баласының тағдырымен біте қайнасып, шәкірт тәрбиелеу өмірлік мұратына айналды.
Қарабұлақ — халқы көп, берекесі бар, егіншілікпен аты шыққан, ынтымағы жарасқан ауыл. Бұл мекенде волейболдың тарихы терең. Қазақ волейболының дамуына өлшеусіз үлес қосқан марқұм Хайдар Умаров, елге танымал Абдукахор Абдикаримов, Зокиржан Хамракулов, ұзақ жылдар Оңтүстік Қазақстан облысының аға бапкері болған Камилжан Сайдалиев сынды саңлақтардың ізі осы жерде жатыр. Қабылжан бапкер сол аға буыннан бата алып, олардың сара жолын лайықты жалғап келе жатқанын мақтанышпен айтады.
Бүгінде Қарабұлақ волейбол мектебінің жетістігі көңіл қуантады. Осы уақытқа дейін: 1 спорт шебері, 20 спорт шеберлігіне үміткер, 40-тан астам Қазақстан чемпионы, 100-ден аса облыс чемпионы тәрбиеленіп шықты.
Қабылжан Эгамбердиев баптаған команда Тимур Құлыбаевтың “Halyk” қайырымдылық қоры жүзеге асырып отырған “Auyl Sport” жобасына екі мәрте қатысып, екі жолы да республикалық турнирде күміс жүлдеге ие болды. Бұл — ауыл спортының әлеуеті зор екенін дәлелдеген нақты нәтиже.
«Auyl Sport — әділдік пен тазалыққа негізделген жоба. Балаларға сенім мен жігер береді. Ауыл баласының жолын ашып, болашаққа жетелейтін бастама», — дейді тәжірибелі бапкер.
Жыл соңында еңбектің еленуі — Қабылжан Рахманқұлұлы үшін ғана емес, күллі Қарабұлақ жұрты үшін үлкен қуаныш болды. Ауыл халқы бұл марапатты зор ілтипатпен қабылдап, бапкер мен команданы әрдайым құрметпен қарсы алады. «Адам баласы үшін ең үлкен бақыт — еңбегінің бағалануы», — дейді ол.
Алдағы мақсат та айқын. Шәкірттерді тыңғылықты дайындап, келесі Auyl Sport турнирінде чемпиондық тұғырға көтерілу — басты арман.
Бұл — бір адамның ғана емес, бір ауылдың, бір буынның жеңісі. Қарабұлақ волейболы — ауыл спортының шынайы мүмкіндігін, дұрыс бағыт пен адал еңбектің қандай биікке жеткізетінін айқын көрсеткен тірі мысал.



