Жаңалықтар

Ұлытау облысында өңірлік кадр резерві мүшелері жауапты қызметтерге тағайындалды

Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту мен басқару сапасын арттыру – ел дамуының негізгі басымдықтарының бірі. Осы бағытта өңірлерде жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі – өңірлік кадр резерві. Бұл бастама білікті, бастамашыл әрі кәсіби мамандарды іріктеп, оларды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға мүмкіндік береді.

Өңірлік кадр резервінің басты мақсаты – жергілікті атқарушы органдардағы бос немесе жауапты лауазымдарға лайықты үміткерлер пулын қалыптастыру. Резервке енгізілген азаматтар арнайы іріктеу кезеңдерінен өтеді. Атап айтқанда, олардың кәсіби білімі, басқарушылық қабілеті, стратегиялық ойлау дағдылары мен жеке құзыреттері жан-жақты бағаланады. Бұл – кадрлық шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, меритократия қағидаттарын нығайтуға бағытталған қадам.

Мысалы, Ұлытау облысы өңірінде кадр резервін қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Резерв құрамына енген мамандар түрлі салаларда – экономика, қаржы, ішкі саясат, аудит, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да бағыттар бойынша жетекші қызметтерге тағайындалып келеді. Бұл өз кезегінде басқару тиімділігін арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етуде.

Өңірлік кадр резервінің артықшылықтары көп. Біріншіден, ол мемлекеттік қызметке талантты жастар мен тәжірибелі мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Екіншіден, кадрлық сабақтастықты қамтамасыз етіп, басқару жүйесінде тұрақтылық қалыптастырады. Үшіншіден, кадрларды даярлау мен олардың кәсіби дамуына жағдай жасайды.

Бүгінде мемлекеттік басқаруда нәтижеге бағытталған, жауапкершілігі жоғары кадрларға сұраныс артып отыр. Осы тұрғыда өңірлік кадр резерві – заманауи талаптарға сай басқару корпусын қалыптастырудың тиімді құралы. Бұл бастама мемлекеттік аппараттың сапасын арттырып қана қоймай, халыққа көрсетілетін қызметтің де деңгейін жақсартуға септігін тигізеді.

Осы тұста білікті әрі басқарушылық қабілеті жоғары мамандарды мемлекеттік қызметке ілгерілету мақсатында өңірлік кадр резервінің бірқатар мүшелері жауапты лауазымдарға тағайындалды.

Атап айтқанда, И.Сәтбаев Ұлытау облысы әкімінің аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы қызметіне кірісті. Бұл бөлім облыс әкімінің тапсырмаларының орындалуын бақылап, мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіру жұмыстарын қамтамасыз етеді.

Р.Мұханбетжан Ұлытау облысының экономика басқармасы басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. Ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін арттыру, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және бюджеттік жоспарлау бағытындағы жұмыстарға жауапты болады.

М.Смағұл Ұлытау облысы әкімінің аппараты Ішкі аудит бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Ішкі аудит қызметі қаржылық тәртіпті нығайтуға, мемлекеттік ресурстардың тиімді пайдаланылуын бақылауға және тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Сонымен қатар, М.Жетимекова Қаражал қаласы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы қызметіне кірісті. Аталған бөлім қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мәдени жобаларды іске асыруға және тіл саясатын дамытуға жауап береді.

С.Шайдарова Жаңаарқа ауданы экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұл қызметте ол ауданның бюджеттік жоспарлау және қаржылық тұрақтылық мәселелеріне жетекшілік етеді.

Ал, Р.Атибеков Сәтбаев қаласы тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Оның негізгі міндеті – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру.

Өңірлік кадр резерві – кәсіби әрі бәсекеге қабілетті мамандарды іріктеп, олардың мансаптық өсуіне жағдай жасайтын тиімді тетік. Ұлытау облысында бұл бастама мемлекеттік басқару сапасын арттыруға және өңірдің тұрақты дамуына оң ықпал етуде.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет

істері агеттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің

Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы А.Абикенова

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button