Жаңалықтар

Жаңаарқада Наурыз мейрамы ұлттық спортпен айшықталды

Жаңаарқа ауданында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде тойланды. Көктемнің шуақты мерекесі елдің бірлігі мен татулығын айшықтап, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған мазмұнды шараларға ұласты.

Мереке аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, орталық алаң думанға бөленді. Атап айтқанда, Битабар палуан атындағы «Түйе палуан» ашық турнирі өтіп, бозкілемде балуандар бақ сынады. Сондай-ақ ересектер арасында арқан тарту, гір тасын көтеру, асық ату, қой көтеру және қол күрес жарыстары тартысты өтті. Күш пен ептілікті талап ететін сайыстар көрермендердің қызығушылығын арттырып, нағыз бәсекеге толы сәттер сыйлады.

Жасөспірімдер арасында қазақ күресінен аудандық біріншілік ұйымдастырылып, жас балуандар өз шеберліктерін көрсетті. Бұл жарыс жас ұрпақты ұлттық спортқа баулып, салт-дәстүрімізді насихаттаудың жарқын көрінісіне айналды.

Осылайша, Жаңаарқа төрінде өткен Наурыз мерекесі ұлттық рухты асқақтатып, спорт пен өнерді ұштастырған тағылымды думан ретінде ел жадында қалды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button