Түркістан облысында полиция бетті тұмшалауға тыйым салуға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде

Түркістан облысы аумағында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ заң үстемдігін нығайту және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі түсіндіру және профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Осы бағыттағы іс-шаралар аясында заңнамадағы жаңашылдықтарды халыққа кеңінен түсіндіруге ерекше мән берілуде.
Осыған байланысты Түркістан облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Сауран ауданының полиция бөлімінің мамандарымен бірлесіп, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған заң талаптарын түсіндіру және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру болды.
Белгілі болғандай, 2026 жылдың 2 наурызынан бастап ел аумағында қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін толық жауып, оны тануға кедергі келтіретін киім элементтерін киюге тыйым салатын құқықтық норма күшіне енді. Бұл талап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде бекітілген және қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
Аталған нормаға сәйкес, хиджаб, шейла, химар, әл-амира және бет-жүзді жаппайтын өзге де діни киім үлгілері бұл шектеуге жатпайды. Сонымен қатар бұл талап ауа райы жағдайларына байланысты қажетті киім кию, медициналық көрсеткіштер, қызметтік міндеттерді орындау, азаматтық қорғау саласындағы жұмыс, сондай-ақ спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысу жағдайларына қолданылмайтыны түсіндірілді.
Түсіндіру шаралары барысында полиция қызметкерлері аудан тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізіп, жаңа заң нормаларының мәні мен мақсатын жан-жақты баяндады. Кездесулер кезінде азаматтарға ақпараттық жадынамалар таратылып, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға толық әрі нақты жауап беріліп, заңнамалық өзгерістердің қоғамдағы тәртіпті нығайтуға, қауіпсіздік деңгейін арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталғаны атап өтілді. Әсіресе адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарда тәртіпті сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Тәртіп сақшылары заң талаптарын бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салып, тұрғындарды қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді атсалысуға шақырды.



