
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің құрылымында қылмыстық қауіптер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы құрылды.
2026 жылғы 18 сәуірден бастап Комитетке заңнамалық тұрғыда жаңа функция – мемлекеттік органдар үшін ұсынымдар әзірлеуді қоса алғанда, болжамдық-талдамалық қызмет жүктеледі.
Орталықтың талдауы көрсеткендей, алаяқтық қоңыраулардың едәуір бөлігі мессенджерлер (ең алдымен WhatsApp) арқылы жүзеге асырылады, бұл қылмыскерлер белсенділігінің дәстүрлі телекоммуникациялық инфрақұрылымнан тысқары ауысқанын білдіреді. Орталық 18 жаңа киберқауіпті анықтады, олардың ішінде шетелде орналасқан қылмыскерлердің SMS-бластерлерді (байланыс операторларын айналып өтіп жаппай хабарлама жіберуге арналған құрылғылар) пайдалануы; фишингтік таралымдар мен дипфейк технологиялары; нөмірлерді алмастыру және тіркелмеген SIM-карталарды қолдану схемалары бар.
2026 жылғы 4 сәуірде елде алғаш рет SMS-бластерді пайдалану фактісі әшкереленді, бұл құқық қорғау органдарының киберқылмыстың жаңа түрлерін жедел анықтап, жолын кесуге қабілетті екенін көрсетеді.
Отырысқа қатысушылар ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің киберқауіпсіздік саласындағы біліктілігін арттыру бойынша жүйелі жұмысты атап өтті.
Отырыс соңында Берік Асылов халық арасында киберқылмыскерлердің жаңа тәсілдері мен айлалары туралы түсіндіру жұмыстарын кеңейту, сондай-ақ қаржы ұйымдарының, байланыс операторларының және онлайн-платформалардың өздеріне заңмен жүктелген міндеттер шеңберінде клиенттері мен пайдаланушыларының құқықтарымен заңды мүдделеріне киберқатерлердің алдын алу үшін тиісті цифрлық және ұйымдастырушылық шараларды қабылдамауы немесе уақтылы қабылдамауы үшін жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, Үйлестіру кеңесі мүшелерінің, киберполиция бөлімшелерінің және Қаржылық мониторинг агенттігінің интернет-алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимылға қосқан үлесі ерекше атап өтілді.
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және киберқауіптерге қарсы тұру дағдыларын қалыптастыруға бағытталған ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілгені атап өтілді.



