Жаңалықтар

«Таза Қазақстан»: Ұлытауда «Түлектердің ағаш егу» эко-челленджі өтті

Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ұлытау облысында «Түлектердің ағаш егу» эко-челленджі өтті.

 

Аталған бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып, өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі болып табылады. Акцияның мақсаты – мектеп түлектерін қоршаған ортаны қорғауға тарту, табиғатқа жанашырлық көзқарас қалыптастыру және экологиялық жауапкершілікті арттыру.

 

Іс-шараға Ұлытау облысы білім басқармасына қарасты Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты мен №8 гимназияның түлектері белсенді қатысты. Жалпы 102 түлек қатысып, 102 ағаш отырғызды.

 

Акция барысында оқушылар білім беру ұйымдарының аумақтарында, сондай-ақ Жезқазған қаласының қоғамдық кеңістіктерінде ағаш отырғызып, өңірді көгалдандыруға өз үлестерін қосты.

 

Айта кету керек, республика көлемінде өтіп жатқан «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы» аясында өңірде тәрбиелік және экологиялық бағыттағы бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, кітап оқуды насихаттау, тарихи-мәдени мұраны сақтау және табиғатты қорғауға бағытталған бастамалар жүзеге асырылуда.

 

«Түлектердің ағаш егу» эко-челленджі – жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастырумен қатар, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал ететін маңызды қадам.

 

#ТазаҚазақстан #ТұрақтыДаму #ТазаЕл #Экология #TazaChallenge

Басқа жаңалықтар

Back to top button