ӘлемТуризм
Trending

Түркия 2026 жылдың алғашқы тоқсанын туризмдегі рекордтық көрсеткіштермен қорытындылады

Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі ұсынған соңғы есептерге сәйкес, елдің туризм индустриясы 2026 жылдың алғашқы үш айында тұрақты динамика көрсетті, деп хабарлайды Basnews.kz сайты TuraNews.kz порталына сілтеме жасап.

Жарияланған ресми статистикалық деректер бойынша, жылдың алғашқы тоқсанында елге келген халықаралық келушілер саны 4,2%-ға артып, 9,2 миллион адамды құрады. Саладан түскен жиынтық табыс та осыған ұқсас қарқынмен өсіп, 9,9 миллиард АҚШ долларына жеткен.

Министрлік талдауы геосаяси тұрақсыздық пен өңірлік шиеленістерге қарамастан, Түркияның туристік моделі жоғары деңгейдегі икемділік танытып отырғанын көрсетеді.

ашық дереккөзден

2025 жылы ел 64 миллион турист қабылдап, 65,2 миллиард доллар табыс тапқан болса, биылғы алғашқы тоқсанның нәтижелері мемлекеттің осы стратегиялық межені сақтап қалуға қауқарлы екенін байқатады.

Статистикалық мәліметтердегі ең маңызды көрсеткіштің бірі — туристердің бір түнге шаққандағы орташа шығынының артуы. Егер 2017 жылы бұл көрсеткіш 68 доллар, ал 2025 жылы 99 доллар болса, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 102 АҚШ долларына дейін көтерілді. Бұл сектордың жоғары табысты сегментке ауысу стратегиясының нәтижесі деп бағалануда. Министрлік деректері бойынша, есепті кезеңде ең үлкен нарықтар қатарында Германия (678 мың), Ресей Федерациясы (651 мың) және Болгария (539 мың) көш бастап тұр.

Өткен жылы елімізден Түркияға 88 479 адам турист ретінде барса, биыл бұл көрсеткіш 11,45%-ға артып, 98 613 отандасымыз аталған елге саяхат жасады.

Сонымен қатар, Ыстанбұлда өтетін УЕФА Еуропа лигасының финалы сияқты халықаралық шаралар мен 2027 жылы Formula 1 күнтізбесіне қайта оралу жоспары туристік ағынның әртараптануына және елдің жаһандық имиджінің нығаюына септігін тигізеді.

Түркия тарапы қазіргі уақытта нарықтағы сұраныс пен тұтынушылардың мінез-құлқын жіті бақылай отырып, әр аймаққа тән жедел әрекет ету жоспарларын жүзеге асыруда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button