Жаңалықтар

Өскемендік Ұлттық ұлан жауынгері Мәскеуде өткен әлем чемпионатынан күміспен оралды

Мәскеу қаласының Халықаралық самбо орталығында Мәскеу спорт департаменті мен Халықаралық қоян-қолтық федерациясының ұйымдастыруымен «Достық кубогы» жекпе-жектен Әлем кубогының кезеңі өтті. Тартысқа толы додада ел намысын Ұлттық ұланның «Burkit TEAM» спорт командасының спортшысы, Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінің жауынгері Манарбек Әсембай қорғады. Үш күнге созылған сайыста әскери қызметші алдымен қырғыз спортшысына қарсылас атанып, ұпай бойынша жеңіске жеткен. Әскери қызметші өткізген үш кездесуде айқын басымдықпен ұтып, тек ақтық сайыста отандасына есе жіберіп алған. Нәтижесінде 67 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанды.

– Мен осымен қоян-қолтық ұрыстан үшінші рет әлем чемпионатында бақ сынауым. Үшеуінде де жүлдегер атандым. Алға қойған жоспар көп. Жалпы, мен UFC файтері Илия Топурияның жекпе-жектерін қалдырмай бақылаймын. Оның ұрыс мәнері жан-жақты және жойқын. Мен де жаттығуларды одан әрі қарқынды түрде үдетіп, көк байрағымызды биік тұғырлардан желбіреткім келеді, – дейді 5518 әскери бөлімінің қызметшісі ефрейтор Манарбек Әсембай.

Ұлан ауданы Айыртау ауылының тумасы мектеп қабырғасынан дзюдо күресімен шұғылданған. Дзюдо және қазақ күресінен спорт шебері әскери салада қызмет атқарғалы жауынгерлік самбоны жанына серік етіпті. Өйткені қызмет барысында жауынгерлік самбо әдістерін қолданады екен. Байрақты бәсекеден олжалы оралған жауынгерді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Арман Сеитов, әскери қызметшілер және әскери оркестр салтанатты түрде қарсы алды.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button