Қазақстан Республикасының Измирдегі Бас консулдығы мен SunExpress әуе компаниясы арасында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде, 2026 жылдың 31 шілдесінен бастап Измир – Алматы – Измир бағыты бойынша тікелей әуе қатынасы іске қосылады.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, аталған рейстер 2026 жылдың қазан айының соңына дейін аптасына екі рет жиілікпен орындалатын болады.
Түркияның Эгей теңізі жағалауында орналасқан Измир қаласы өзінің бай туристік әлеуетімен танымал. Қала тек заманауи демалыс орындарымен ғана емес, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген көне Эфес және Пергам сияқты тарихи шаһарларымен, антикалық дәуірден сыр шертетін мәдени ескерткіштерімен ерекшеленеді.




Сонымен қатар, Измирге жақын орналасқан Чешме мен Алачаты шипажайлық аймақтары өздерінің зәулім жағажайларымен, серфингке арналған қолайлы толқындарымен және өзіндік Эгей асханасымен әлем туристерін баурап келеді.
Жаңа тікелей рейс қазақстандықтар үшін Түркияның осы бір інжу-маржанын жақыннан тануға таптырмас мүмкіндік болмақ!





