Жаңалықтар

ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ 

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев алдағы жылу беру маусымына дайындық барысын тексеру мақсатында қаладағы бірқатар нысанды аралады.

 

Алдымен Мемлекет басшысының қолдауымен салынған жаңа жылу-электр орталығына барды. 240 МВт электр және 277 Гкал жылу энергиясын өндіретін жаңа орталық құрылысына түркиялық «Aksa Energy» компаниясы 215 млрд теңге инвестиция салған.

 

Жоба аясында қуаты 185 МВт болатын 3 газтурбиналық қондырғы, 55 МВт бу турбинасы, сағатына 127 тонна бу өндіретін 3 қазандық және қуаты 150 Гкал/сағ болатын 2 су жылыту қазандығы орнатылды.

Бүгінде орталық толық іске қосылып, 240 МВт электр энергиясы өндірілуде. Сонымен қатар 4 су жылыту қазандығы іске қосылды. Алдағы жылу беру маусымында қала тұрғындары жаңа станция арқылы жылумен қамтамасыз етіледі.

 

Сондай-ақ облыс әкімі «Олжас-2005» ЖШС көмір тасымалдаушы операторының қорын көрді. Қазір 6,5 мың тонна қатты отын жеткізілген. Қоймада 2 мың тонна бар, 7 вагон көмір тасымалдануда.

 

Бұдан кейін аймақ басшысы Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясында жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстарын көрді. Мектептің спорт залына, кіші зал және киім ауыстыру бөлмелеріне жөндеу жасалған. Сондай-ақ, облыстық аурухананың дайындығы да тексерілді.

 

Аралаудан соң жауапты сала басшыларына жылу беру маусымына дайындықты қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.

 

Айта кетейік, биыл жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 5,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражат 8,7 шақырым жылу желісін жаңғыртуды аяқтауға, №1 және №2 газтурбиналық қондырғыларды күрделі жөндеуге, 1,3 шақырым жылу желісін жаңғыртуға, 1 қазандық пен 1 турбинаны, сондай-ақ 10 автономды қазандықты және негізгі әрі қосалқы қондырғыларды жөндеуге бағытталған.

Жылу беру маусымында тұрғындарға 92 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 19 мың тонна, барлығы 111 мың тонна көмір қажет. Бүгінде өңірлік операторлар көмір қорын толықтыруды бекітілген кестеге сәйкес жүргізуде.

Облыстағы 1 079 әлеуметтік нысан жауапты кезеңге 98 пайыз дайын.

 

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button