Жаңалықтар

Семей полигонының жабылғанына 35 жыл: Курчатовта не өзгерді

Тарихи шешімге 35 жыл толды. Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтті. Негізгі тақырыптар – ядролық сынақтардың салдарын жою, радиациялық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану болды. Курчатовта өткен жиынға Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин, Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов, Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Мұқанов, Май ауданы әкімінің орынбасары Әділет Сыздықбаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Ұлттық ядролық орталық бұған дейін де 35 жылдыққа арналған бірқатар іс-шара ұйымдастырған. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев қатысушыларға құттықтау сөзін жолдады.

 

«Бұл – алдағы міндеттерімізді айқындайтын маңызды уақыт»

Ғұмар Серғазин полигон тарихын Қазақстанның ядролық сынақтардан бейбіт атом саясатына дейінгі жолымен байланыстырды. «Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толуы — бұл өткенге көз жүгіртіп, атқарылған жұмыстарды саралайтын ғана емес, алдағы міндеттерімізді айқындайтын да маңызды уақыт. Қазақстан үшін полигон тарихы ядролық сынақтардың ауыр салдарынан бейбітшілік, қауіпсіздік және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саясатына көшу тарихына айналды», – деді Ғұмар Серғазин.

1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім қабылданды. 2026 жылы осы тарихи оқиғаға 35 жыл толып отыр.

 

18 мың шаршы километрден астам аумақ зерттелді

Дөңгелек үстелде Ұлттық ядролық орталықтың полигон жабылғаннан кейін атқарған жұмыстарына ерекше назар аударылды. Орталық мамандары ондаған жыл бойы бұрынғы сынақ алаңдарының қауіпсіздігіне байланысты ғылыми, техникалық және практикалық міндеттерді шешіп келеді.

 

Соның ішінде:

 

сынақ инфрақұрылымын жою және қауіпсіз күйге келтіру;

ядролық қаруды таратпау режимін нығайту;

бұрынғы полигон нысандарын зерттеу;

радиоэкологиялық жағдайды бағалау;

радиациялық қауіп сақталған аумақтарды анықтау бағыттарында жұмыстар жүргізілді.

Ең ауқымды жобалардың бірі – бұрынғы Семей сынақ полигонын кешенді радиоэкологиялық зерттеу. Ұлттық ядролық орталықтың ресми дерегіне сәйкес, кешенді зерттеу бағдарламасы 2008 жылы басталып, 2021 жылы аяқталған.

 

Зерттеу 18 мың шаршы километрден астам аумақты қамтыды. Нәтижесінде радиациялық қауіп сақталған учаскелер мен халыққа радиациялық қауіп төндірмейтін жерлер анықталды. Ұлттық ядролық орталық осы жұмыстардың ғылыми нәтижелерін жеке монографияда да жүйелеген.

 

Зерттеулер мемлекеттік шешімдерге негіз болды

Көпжылдық зерттеулердің нәтижелері бұрынғы полигон аумағын одан әрі басқару және Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру жөніндегі шешімдерге ғылыми негіз болды.

 

Полигон жабылғаннан кейін Қазақстанның алдында тек радиациялық мұраны зерттеу міндеті тұрған жоқ. Сынақ инфрақұрылымын қауіпсіз күйге келтіру, ядролық материалдардың таралу тәуекелдерін төмендету және жинақталған ғылыми-техникалық әлеуетті бейбіт мақсаттарға бағыттау қажет болды.

 

Ұлттық ядролық орталықтың материалдарында бұрынғы әскери-өнеркәсіптік кешенді конверсиялау, радиоэкология және ядролық энергетика қауіпсіздігі саласындағы жұмыстар халықаралық серіктестермен бірге жүргізілгені көрсетілген. Қазақстан тәжірибесінің халықаралық маңызы айтылды

Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның бұрынғы ядролық сынақ полигонын қауіпсіз күйге келтіруде жинаған тәжірибесіне де тоқталды.

 

Талқылауда үш бағыт ерекше аталды:

 

радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

ядролық қаруды таратпау;

халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастық.

Бұрынғы полигонда жүзеге асырылған жобалар ядролық сынақтардың салдарын ғылыми зерттеу мен халықаралық ынтымақтастық арқылы кезең-кезеңімен шешудің қазақстандық тәжірибесін қалыптастырды.

 

Курчатовта «Бейбітшілік аллеясы» пайда болды

Дөңгелек үстелден кейін Ұлттық ядролық орталық аумағында «Бейбітшілік аллеясының» негізі қаланды.

 

Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай отырғызылған ағаштар бұрын ядролық сынақтармен байланысты болған аумақтың ғылым, қауіпсіздік және бейбіт дамуға бет бұрғанын бейнелейді.

 

Аллеяның негізін қалауға іс-шараға келген құрметті қонақтар қатысты. Ұйымдастырушылардың пайымынша, отырғызылған ағаштар өткен тарихты, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті, бейбітшілік пен халықаралық ынтымақтастықтың маңызын еске салатын белгі болмақ.

 

Курчатовтың рөлі өзгерді

Кезінде Семей полигонының сынақ инфрақұрылымының орталығы болған Курчатов бүгінде ядролық ғылым, заманауи технологиялар, радиоэкология және бейбіт атом бағыттары тоғысқан ғылыми орталық ретінде дамып келеді.

 

Полигонның 35 жылдығына орай Ұлттық ядролық орталық биыл Семей сынақ полигоны тарихының экспозициялық залында Ашық есік күндерін де өткізді. Келушілер тарихи құжаттармен, өлшеу құралдарымен және ядролық сынақтар кезеңінен сақталған материалдармен таныса алды.

 

Осыған дейін біз Семей полигоны жабылғаннан бергі 35 жыл және 456 ядролық жарылыстың тарихи салдары туралы жазған едік. Онда полигон тарихынан Қазақстанның қазіргі антиядролық саясаты мен бейбіт атом бағытына дейінгі өзгерістер талданған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button