Жаңалықтар

Астанада Ақмола облысының 17 ауданынан келген ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жәрмеңкесі өтеді

Астана қаласында өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне арналған баспасөз релизі

2026 жылғы 31 қазанда Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромының аумағында Ақмола облысының 17 ауданының, сондай-ақ Көкшетау, Қосшы және Степногорск қалаларының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.

Жәрмеңке аясында 140 сауда орны ұйымдастырылады. Келушілерге жалпы көлемі 497 тоннадан асатын 50-ден астам өнім түрі ұсынылады.

Атап айтқанда, 124,96 тонна ет және шұжық өнімдері, 4 тонна жаңа ауланған балық пен балық өнімдері, 32 тонна сүт және сүт өнімдері, 38 тонна ұн, 215 тоннадан астам картоп пен көкөніс, шамамен 8 тонна жарма өнімдері, 11 тонна өсімдік майы, сондай-ақ 350 мың дана асханалық жұмыртқа саудаға шығарылады. Сонымен қатар келушілер отын, отырғызу материалдарын және басқа да маусымдық тауарларды сатып ала алады.

Жәрмеңкеге «Ақкөл Құс» ЖШС, «Родина» ЖШС, «Burabay Milk» ЖШС, «Бижан» ЖШС, «Урожай» ЖШС, «Айбат» ЖШС, «Гормолзавод» ЖШС, «Milk Project» ЖШС, «ҚазГер Құс» ЖШС, «Ижевский» өндірістік кооперативі, «Макинская птицефабрика» ЖШС, «Компания Алтын-Қазық» ЖШС, «Aitas RTC» ЖШС, «Целина Агро Трейд» ЖШС және өңірдің басқа

да кәсіпорындары қатысады.

Өнімдер нарықтағы орташа бағадан 10–15%-ға төмен бағамен сатылады. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – елорда тұрғындарын отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден тікелей сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету.

Ақмола облысы еліміздің ірі аграрлық өңірлерінің бірі ретінде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда қарқынды дамып келе жатқан елорда – Астана қаласына жақын орналасуы өңірдің маңызды логистикалық артықшылықтарының бірі болып табылады.

Мемлекет басшысының атап өткеніндей, Ақмола облысы елорданың азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі міндетті табысты жүзеге асырып келеді.

Бүгінде өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері елорданың қажеттілігін:

– сүт өнімдерімен – шамамен 40%, немесе тәулігіне 140 тонна;

– ет өнімдерімен – шамамен 30%, немесе тәулігіне 80 тонна;

– асханалық жұмыртқамен – 80%, немесе тәулігіне 700 мың дана көлемінде қамтамасыз етеді.

Осыған байланысты өңір алдында елорда нарығына жеткізілетін азық-түлік өнімдерінің көлемін одан әрі ұлғайту міндеті тұр. Бұл бағытта облыстың өндірістік және ресурстық әлеуеті жеткілікті.

Биылғы аграрлық маусым өңірде ұйымдасқан түрде және тиісті деңгейде өтті. Мемлекеттік қолдаудың арқасында және аграршылардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде егін жинау науқаны оңтайлы агротехникалық мерзімдерде аяқталды.

Биылғы күрделі табиғи-климаттық жағдайларға қарамастан, гектарына орта есеппен 13,9 центнер өнімділікпен 6,2 млн тоннадан астам астық жиналды. Биылғы астықтың сапасы көпжылдық орташа көрсеткіштерден айтарлықтай жоғары.

Жалпы астық түсімінің шамамен 90%-ын 3-сыныпты бидай құрайды. Оның басым бөлігі, яғни 70%-ы жоғары ақуызды Hi-pro санатындағы бидайға жатады.

Табыстылығы жоғары майлы дақылдардың егіс алқаптарын кеңейту нәтижесінде алғаш рет шамамен 850 мың тонна майлы дақыл тұқымы жиналды.

Мал шаруашылығы саласында өңір құс етін өндіру бойынша республикадағы жетекші орындардың бірін иеленеді. Облыстың республикадағы құс еті өндірісіндегі үлесі 30%-дан асады, бұл жылына 140 мың тоннадан астам өнімге тең. Асханалық жұмыртқа өндірісіндегі үлесі 15%-ды құрайды, жылдық өндіріс көлемі шамамен 700 млн дананы құрайды.

Жыл басынан бері азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 14,8%-ға өсіп, 251 млрд теңгеге жетті.

Оң динамика азық-түлік өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру көлемінің артуымен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда:

– өңделген сүт өндірісі 3,1%-ға өсіп, 107,7 мың тоннаны құрады;

– ет өндірісі 3,7%-ға өсіп, 75,6 мың тоннаға жетті;

– қышқыл сүт өнімдерінің өндірісі 16,8%-ға өсіп, 8,3 мың тоннаны құрады;

– сары май өндірісі 21,1%-ға өсіп, 2 мың тоннаға жетті;

– өсімдік майының өндірісі 10,4%-ға өсіп, 60,1 мың тоннаны құрады;

– ұн өндірісі 50,9%-ға өсіп, 219,1 мың тоннаға жетті.

Мемлекет басшысының мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірде жаңа өндірістер құру және қолданыстағы кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын кеңейту жұмыстары жалғасуда.

Етті мал шаруашылығы

Етті мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру мақсатында әлемдік жетекші тәжірибе негізінде және канадалық әріптестермен ынтымақтастық аясында «Digital Aqmola» хабы базасында бірыңғай цифрлық ет кластерінің тұжырымдамасы әзірленді.

«Ерейментау ет кластері» жобасы төмендегі нысандарды бірыңғай өндірістік кооперацияға біріктіруді көздейді:

– қалмақ тұқымды 20 мың бас ірі қара малға арналған үш асыл тұқымды мал өсіру шаруашылығы;

– 30 мың басқа арналған ірі бордақылау алаңы;

– асыл тұқымды мал өсіру және бордақылау жүйесіне біріктірілген өңірдің 300 шаруа қожалығы.

Ет кластерін іске асыру барысында өндірістік процестерді цифрландыруға ерекше назар аударылады.

Мал басының денсаулығын интеллектуалды бақылау және жемшөп қорын тиімді басқару – инновация енгізу ғана емес, өндіріс көлемін еселеп арттыруға мүмкіндік беретін нақты құралдар.

Жобаны іске асыру бүкіл саланың дамуына қуатты серпін беріп, 2030 жылға қарай облыстағы ірі қара мал басын 1,3 млн басқа дейін жеткізуге және сиыр етінің өндірісін 7 еседен астам ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сүтті мал шаруашылығы

Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде инвестициялық жобаларды жеңілдікпен несиелендіру бағдарламаларын іске асыру нәтижесінде соңғы үш жылда өңірде жалпы қуаты 5,8 мың басқа арналған

6 ірі сүт-тауар фермасы пайдалануға беріліп, бүгінде жұмыс істеп тұр.

Бұл ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында тауарлы сүт өндірісінің айтарлықтай өсуіне ықпал етті. Атап айтқанда, 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында тауарлы сүт өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,7%-ға өсіп, 57,4 мың тоннадан 71,7 мың тоннаға жетті.

2026–2028 жылдары жалпы қуаты 8,5 мың басқа арналған тағы 6 сүт-тауар фермасының құрылысы аяқталады.

Барлық сүт-тауар фермаларын толық өндірістік қуатына шығару

2030 жылға қарай ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы тауарлы сүт өндірісін 2025 жылғы деңгеймен салыстырғанда 1,9 есеге, яғни 150 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2025 жылы бұл көрсеткіш 77,8 мың тоннаны құрады.

Құс шаруашылығы

Құс шаруашылығы саласында да өндіріс көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік бар.

Құс фабрикаларының өндірістік қуаттарын кеңейту есебінен:

– «ҚазГер Құс» кәсіпорнының (Біржан сал ауданында, 2027 жылы) жұмыртқа өндіру қуатын қазіргі 300 млн данадан жылына 390 млн данаға дейін ұлғайту;

– «Ақкөл Құс» кәсіпорнының (Ақкөл ауданында, 2028 жылы) жұмыртқа өндіру қуатын қазіргі 90 млн данадан жылына 200 млн данаға дейін жеткізу;

– Астрахан ауданында 2029 жылы «Aitas Breeders» асыл тұқымды репродукторын іске қосу жоспарлануда.

Аталған жобалар іске асырылғаннан кейін облыстағы жұмыртқа өндірісінің жалпы көлемі жылына шамамен 1 млрд данаға жетеді. 2025 жылы бұл көрсеткіш 687,8 млн дананы құрады.

Терең өңдеу және қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім шығаратын өндірістер құруға ерекше көңіл бөлінеді.

Қытайдың «Далиан» компаниясымен бірлесіп, Аршалы ауданында «Азия Алтын Дән» толық өндірістік циклі бар кәсіпорнын салу жөніндегі

ірі жоба жүзеге асырылуда.

Жобаның инвестициялық құны 720 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 3 млн тоннаға дейін астық өңдеуге мүмкіндік береді.

Майлы дақылдар өндірісінің жыл сайын ұлғаюын ескере отырып, жылына 1 млн тоннаға дейін шикізат өңдейтін екі май экстракциялау зауытын салу жоспарлануда.

Бірінші жобаның өтінім берушісі – «КазАгроТерминал» ЖШС, құрылтайшысы – «Содружество» компаниясы. Жоба Зеренді ауданында, Көкшетау қаласының шекарасына жақын жерде іске асырылады. Кәсіпорынның жылдық өңдеу қуаты 785 мың тонна шикізатты құрайды. Жоба құны – 150 млрд теңге, пайдалануға беру мерзімі – 2029 жыл. Жоба Өңірлік үйлестіру кеңесінің мақұлдауын алды.

Екінші жобаның өтінім берушісі – «Алтын Трейд Кз» ЖШС. Жоба Атбасар ауданында жүзеге асырылады. Кәсіпорынның жылдық өңдеу қуаты 100 мың тонна шикізатты құрайды. Жоба құны – 3,4 млрд теңге, пайдалануға беру мерзімі – 2029 жыл. Жоба Өңірлік үйлестіру кеңесінің мақұлдауын алды.

Осылайша, облыста өңірдің ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және елорда нарығына азық-түлік жеткізу көлемін ұлғайтуға бағытталған ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Астана тұрғындары үшін бұл – отандық өнімдердің кең ассортиментін қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік. Ал Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей ұсынуға жол ашады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button