
Түркия АҚШ-тан заңсыз шығарылған 100 тарихи жәдігерді өз топырағына қайтарып, Ыстанбұл археология мұражайында «Шығар жол жоқ: Бубон» атты арнайы көрменің шымылдығын түрді, деп хабарлайды Basnews.kz.
Елдің Мәдениет және туризм министрлігі 2026 жылдың мамыр айында АҚШ-тағы аукциондардың бірінде анадолылық қазыналардың сатылымға қойылғанын анықтап, Манхэттен округтік прокуратурасымен және АҚШ Ішкі қауіпсіздік тергеу қызметімен бірлесе отырып сатылымды тоқтатты.

Аталмыш халықаралық ынтымақтастық пен ғылыми дипломатияның нәтижесінде елге оралған жәдігерлердің арасында б.з.д. 2300-2000 жылдарға жататын Хорозтепе ритуалдық аспаптары мен қару-жарақтары, Бурдурдағы Дүвер елді мекенінің терракоталық архитектуралық плиткалары және Афродисиас көне қаласының экспонаттары бар.
Сондай-ақ көрмеге 1960-шы жылдары Бубон көне қаласындағы Себастейон ғибадатханасынан ұрланып, шетелге бөлшектеліп әкетілген Рим императорлары Луций Вер, Септимий Север, Каракалла және Марк Аврелийдің қола мүсіндері қайта жинақталып қойылды.



