ШҚО-да шекаралық Разин ауылдық округінде жаңа учаскелік полиция пункті ашылды

Шемонаиха ауданының Разин ауылдық округінде жаңа учаскелік полиция пункті ашылды. Енді Красная Шемонаиха, Медведка және Белый Камень атты үш ауылдың тұрғындары учаскелік полиция инспекторына тұрғылықты жері бойынша жүгіне алады.
Ауылдық округте 800-ден астам адам тұрады. Аумақ Ресей Федерациясымен шекаралас аймақта орналасқан. Сонымен қатар округ арқылы республикалық маңызы бар «Өскемен – Шемонаиха – РФ» тасжолы өтеді. Красная Шемонаиха ауылынан мемлекеттік шекараға дейінгі қашықтық – 25 шақырым.
Жаңа учаскелік полиция пунктінің ашылуына Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Рифхат Тауфиков қатысты. Ол, әсіресе, ауылдық жерлерде учаскелік инспекторлар жұмысының маңыздылығына тоқталды.
«Ауылдық жерде учаскелік инспектор – тұрғындар жақсы танитын әрі ең алдымен көмек сұрап жүгінетін полиция қызметкері. Сондықтан оның жұмыс істеуіне және азаматтарды қабылдауына қажетті жағдай жасалуы маңызды. Жаңа пункт халықпен тұрақты байланыс орнатуға, өтініштерге жедел ден қоюға және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді», – деді Рифхат Шафихұлы.
Аталған әкімшілік аумаққа учаскелік полиция инспекторы Жанболат Қажмұханов қызмет көрсетеді. Жаңа пункт Красная Шемонаиха ауылында орналасқан. Оның ашылуы шекара маңындағы ауыл тұрғындарымен байланысты нығайтып, округ аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмысын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.



