Жаңалықтар

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚЫЗ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АРНАЛҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Әсіресе жасөспірім қыз балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, денсаулығын сақтау және олардың қауіпсіз ортада қалыптасуына жағдай жасау «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында жүзеге асырылатын маңызды міндеттердің қатарында.

Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу мақсатында Қызылорда облысының білім басқармасының бастамасымен, облыстық психологиялық қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Қыз баланың қауіпсіздігі, денсаулығы және болашағы» тақырыбында облыстық ашық алаң өтті.

Кездесуге білім беру ұйымдарының 600-ден астам оқушы қатысып, құқық қорғау, денсаулық сақтау және психологиялық қолдау орталығының мамандарымен тікелей пікір алмасты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қыз балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, репродуктивті денсаулығын қорғау, жеке басының қауіпсіздігі мен жеке шекарасын сақтау мәдениетін қалыптастыру, ерте жүктіліктің, зорлық-зомбылықтың және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Ашық алаң барысында қатысушыларға өзекті мәселелер бойынша жан-жақты түсіндірме берілді. Қызылорда қаласы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры А. Шоқбарова кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және заң талаптарын сақтау мәселелерін түсіндірсе, облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының аға инспекторы Р. Абдразакова жасөспірімдердің құқықтық жауапкершілігі, қоғамдық қауіпсіздік және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында ақпарат берді.

Облыстық перинаталдық орталықтың балалар гинекологы Ғ. Құдайбергенова репродуктивті денсаулықты сақтау, ерте жүктіліктің алдын алу және қыз балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауы жөнінде медициналық түсіндірме жүргізді.

Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Ж.Бимұратқызы қыз баланың қоғамдағы орны, ұлттық құндылықтар мен болашаққа жауапкершілік тұрғысындағы мәселелерді қозғады. Ал облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры Ж. Баянова психологиялық қауіпсіздік, жеке шекараны сақтау, қысым көрсету мен мәжбүрлеу жағдайларын анықтау және қиын жағдайда көмекке жүгіну жолдарын түсіндірді.

Кездесу барысында «Заң мен тәртіп» идеологиясының негізгі қағидаттары кеңінен түсіндіріліп, заңды құрметтеу, өз құқығы мен міндетін білу, өзгелердің жеке шекарасына құрметпен қарау және кез келген заңсыз әрекетке бейжай қарамау қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар жасөспірімдерге қауіпті жағдайларды дер кезінде ажырату, өз құқықтарын қорғау және тиісті органдарға жүгіну тетіктері түсіндірілді.

Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Шара соңында құқықтық, медициналық және психологиялық көмек алу жолдары көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратылып, сенім телефондары туралы мәліметтер ұсынылды.

Айта кету керек, бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары облыс көлемінде кезең-кезеңімен ұйымдастырылды. Бұған дейін Шиелі, Қармақшы және Сырдария аудандарында көшпелі кездесулер өткізіліп, 1500-ге жуық жасөспірім қыз бала қамтылды.

Бүгінгі облыстық ашық алаң аталған жұмыстардың қорытынды кезеңі болды. Нәтижесінде аудандық және облыстық деңгейдегі кездесулер арқылы жалпы 2100-ден астам қыз бала ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қамтылды.

«Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында жүзеге асырылған мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, қауіпсіздік дағдыларын дамытуға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Бұл ретте бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек білім беру ұйымдарының ғана емес, ата-аналар мен қоғамның, барлық мүдделі мемлекеттік органдардың ортақ міндеті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button