BasNewsЖаңалықтарСараптама

Қазақстандағы ұлтаралық қақтығыстар: хронология

Кеше Қордайда болған қақтығыс Қазақстан үшін алғашқы ұлтаралық араздық емес. «130-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп жатқан» елде осындай жанжалдар өкінішке орай жиі болып тұрады. Әдетте тұрмыстық келіспеушіліктен басталған ұрыс-керістің соңы жаппай бұзақылыққа ұласып жатады.

Қақтығыстар бұрын да болған. Бірақ барлығы тек сол аймақтан шықпай, мәселе жылдам шешілетін. Қазіргі бейресми (кейде тіпті арнайы арандату) хабарларының жылдамдығы оқиға ариалын кеңейтіп жіберді. Интернеті жылдам әр адам өзін жанжалдың қақ ортасында жүргендей сезіне алады. Және зорлық-зомбылық жасауға үндейтіндер үшін де бұл таптырмас құралға айналды.

Ал ұлтаралық қақтығыстардың шығу тамыры сонау патшалық Ресей кезіндегі атақты «Столыпин реформасы» кезінен басталады. Кейіннен Голощекин ұйымдастырған ашаршылық қазақтың санын күрт азайтып, Сталиннің лагерьлері мен Хрущевтің тың көтеруі ұлтаралық балансты мүлдем жойып жіберді. Жергілікті халық дәстүрлі жайылымынан айырылып, табысы төмендеді. Ал әлеуметтік жағдай әрбір жанжалдың түпкі себебі еді.

Енді Қазақстан аумағында болған ірі қақтығыстарға көз жүгіртіп өтейік. Ең алғаш рет 1951 жылы Шығыс Қазақстан облысында жазасын өтеп, зауытта еңбек етіп жүргендер мен екінші дүниежүзілік соғыс кезінде күштеп жер аударылған  шешен ұлты өкілдері арасында үлкен қақтығысы болды. Жұмыста туған жанжалдың соңы үлкен қақтығысқа ұласып, 40 адам қаза тапқан. Арасында әйелдер мен балалар да бар. Нақты ақпарат әлі күнге дейін жабық, тек ресми хабарламалар ғана бар.

1989 жылы Жаңаөзенде алаңда билеп жүрген қазақ жастары мен лезгин, шешен өкілдері арасында шыққан жанжал екі күнге созылды. Қақтығыс туралы архив жойылған, аман қалғаны құпия мөрленіп жабылған. Әртүрлі сыбыстар  2-ден 200-ге дейін адамның қайтыс болғанын айтады.

1992 жылы Өскеменде арматура зауытының жұмысшылар жатақханасында шешен жігіттері 4 қазақ азаматын өлтіреді. Бүкіл облыстан жиналған қазақтар шешен диаспорасы тұратын ауданды қоршап, қылмыскерлерді беруді және көшуді талап етеді. Қанды қырғыннан тек дер кезінде үлгерген тәртіп сақшылары мен әскерилер құтқарып қалды.

2006 жылы Ақтауда кавказдықтарға қарсы наразылық білдірген жергілікті халық көшеге шығып, лезгин, шешен, әзірбайжандарға тиесілі дүкен, ойын-сауық мекемелерін қиратып өртеді. Түрлі деректерде 400-1000 адам қатысқан деп айтылады.

Сол жылдың күзінде Атырау облысының Жылой ауданында, «Теңіз» мұнай айлағында қазақ және түрік жұмысшыларының арасында жаппай төбелес болды. Түп себебі еңбектегі әділетсіздіктен туған жанжал асханадағы бір қыңыр сөзден басталып, 140 түрік жұмысшысы зардап шегіп, 8-і ауыр халде жансақтау бөліміне түскен.

Сол 2006 жылдың қарашасында Алматы облысында тағы бір қақтығыс болды. Бұл жолы Шелек ауылында кафеде ұйғыр жасөспірімдерінің «мемлекет сендердікі, жер біздікі!» дегені көрші столда отырған қазақ жастарына жақпайды. Соңы екі жақтан 300 адам қатысқан жаппай төбелеске ұласты. Облыстан, республикадан келген ресми өкілдер сабырлыққа шақырып, екі жақ тарағанымен қақтығыс әл аяқталмаған еді.

2007 жылы наурызда  Алматы облысындағы «Казатком» ауылында бильярд залында әлденеге келіспей қалған қазақ пен шешен балалары төбелесіп, бірнеше қазақ баласы жарақаттанады. Оны естіген 500-дей адам ауыл орталығына жиналып, кінәлілерді жазалауды талап етеді. Екі жақты қақтығыс кезінде арнаулы қарулы күштер келгенше оншақты адам жараланып, 3 адам қаза тапты. Бірнеше үй мен ғимарат өртенді.

Осы 2007 жылдың күзінде Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Маятас ауылында күрдтер мен қазақтардың арасында тағы бір қақтығыс болды. 4 жастағы қазақ баланы көрші күрд жасөспірім зорлады деген себеппен шыққан жанжал кезінде бірнеше үй өртеніп, күрд диаспорасы Шымкент қаласына көшіп кетуге мәжбүр болды. Бассыздық ұйымдастырды деген 18 адам ұсталып, оның 7-і сотталды.

Аздаған тыныштықтан кейін 2015 жылы тағы Оңтүстік Қазақстанның Бостандық ауылында мемлекеттік қызметкер, қазақ азаматы осы елді мекенде тығыз орналасқан тәжіктердің қолынан өлді деген ақпарат тарады. Ауылдастарының кегін қайтармақ болған 300-дей адам ауылда бірнеше көлікті, тәжіктер тұратын үйлер мен оларға қарасты дүкендерді өртеген. Қақтығыс кезінде бірінші рет интернет пен байланыс желісі өшірілді. Кейіннен қылмыскер ұлты тәжік, Қазақстан азаматы Өзбекстанда ұсталып, сотталды, ал оның отбасы Сарыағаш ауданынан тыс жерге көшірілді.

Көп ұзамай 2016 жылдың ақпанында Жамбыл облысындағы Буырыл ауылында қазақ баласы түрік ұлты өкілінің қолынан қаза тапты. Оны естіген жергілікті халық көшеге шығып, қылмыскердің үйіне тас лақтырып, отбасын жер аударуды талап етті. Барлық талаптар орындалған соң толқыныс жылдам аяқталды.

Былтыр Қарағандыдағы мейрамхана иелері мен қонақтары арасындағы 30-дан астам адам қатысқан төбелес кезінде қазақ баласы қаза тапты. Жылдам тараған хабардан құлақтанған халық жиналып, армяндардың кешірім сұрауын және қатаң жазалануын сұрады. Қарағанды оқиғасы кезінде «армяндар барлық жол жөндеу тендерлерін алады» деген сияқты экономикалық наразылық та алғаш рет естіле бастады. Осыған дейінгі қақтығыстар тек этнос деңгейінде болатын еді.

Енді міне Қордайдағы «қанды түн». 8 адам қайтыс болған, 40 адам жараланған. Себебі әлі ресми анықталған жоқ, тек түрлі нұсқалар ғана бар.

Бұрынғы қақтығыстар ақпараттық ваккум мен коммуникация мешеулігіне байланысты мүлдем естімейтін немесе билікте, әсіресе күштік құрылымдарда өз нұсқаларын жасап, бекітіп шығуға уақыттары болатын. Соңғы бес жылда ол тенденция өзгерген. Егер оқиғадан соңғы «алтын сағат формуласын» жіберіп алса құрбандар саны арта түсетінін статистика анық айтып тұр. Дәл қазір кім ақпаратты бірінші береді, соның нұсқасы «дұрыс әрі шындық» болып қабылданады. Осыны басты назарда ұстау қажет.

«BASNEWS.KZ» талдау-сараптама бөлімі

Back to top button