Мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы өсті

Мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы жылына 20 пайыздан аса қосылды, – деп хабарлайды BasNews.kz ақпарат порталы Ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Сарапшылардың мәліметінше, осы жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласында жұмыс істейтін 494,4 мың адам болған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,9 пайызға көп.
Мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қызметкерлердің орташа жалақысы 2020 жылдың бірінші тоқсанында 161,5 мың теңге – 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,4 пайыз көп болды. Сектордағы жалақының нақты өсімі -13,6 пайыз.
«Бұл саладағы ең көп жалақыны елордада алады: 254,2 мың теңге – өткен жылмен салыстырғанда 18,1 пайыз көп. Екінші орында Алматы қаласы – 184,6 мың теңге, бұл плюс 28,4 пайыз. Үшінші орында Қызылорда облысы: 172,7 мың теңге — 2019 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 14,4 пайыз көп», – делінген зерттеуде.