BasNewsЖаңалықтар

Еуропаның 7 елінде коронавирусқа қарсы вакцинация басталды

Еуропаның 7 елінде коронавирусқа қарсы вакцинация басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram-каналында коронавирус инфекциясына қатысты әлемдегі соңғы жаңалықтар ұсынылған.

Хабарланғандай, «Ұлыбританияда табылған COVID-19-дың жаңа штаммы осыған дейін ғылымға белгілі болып келген мутацияларға қарағанда анағұрлым қауіпті, келер жылы стационарлық емді қажет ететіндердің саны мен өлім жағдайлары артады» деген британдық ғалымдардың болжамына халықаралық сарапшылар баға берген. Алайда, вирусологтар мен эпидемиологтардың пікірлері әртүрлі болып, бір арнада тоғыспаған.

Ал Лондон университетінің (UCLH) ғалымдары коронавирусқа қарсы иммунитетті жедел беретін жаңа препаратты сынақтан өткізіп жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, әлемде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны шамамен 80 миллион адамды құрайды. Олардың 1,74 миллионнан астамы қайтыс болған. Расталған жағдайлардың саны бойынша АҚШ бірінші орында тұр, елде 18,9 миллионнан астам адам вирус жұқтырған. Екінші орында – Үндістан (10,1 млн), үшінші орында — Бразилия (7,4 млн), төртінші орында – Ресей, бесінші орында – Франция. Ұлыбритания, Түркия, Италия, Испания, Германия, Аргентина мен Колумбияда 1,5 миллионнан астам адам індетті жұқтырған.

Сондай-ақ осы аптада Еуропада COVID-19-ға қарсы вакцина егу басталды. Екпелерді Германия, Франция, Испания, Австрия, Болгария, Чехия және Италия тұрғындары ала бастаған. Екпе ерікті түрде жүргізілуде.

Back to top button