BasNewsЖаңалықтар

Түркістан облысында полицейлер жолда қалып қойған 12 көлік жүргізушісіне көмектесті

Түркістан облысында полиция қызметкерлері жолда қалып қойған 12 көлік жүргізушісіне көмектесті, деп хабарлайды BasNews.kz Түркістан облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, полиция қызметкерлері аға лейтенант Ғалымжан Жақсылықов пен лейтенант Алмат Смандияров Алматы-Ташкент-Термез трассасының 647 шақырымында кезекті патрульдеу кезінде жол жиегіндегі қар құрсауынан шыға алмай қалған жүк көлігін байқайды. Ауа райының қолайсыздығы мен қардың қалыңдығы көлікке кедергі келтірген. Полицейлер көлік жүргізушісімен бірге дөңгелек астындағы қарды тазалап, жолға құм себеді. Осыдан соң жүргізуші сапарын қайта жалғастырады.

Жалпы қыс басталған бір айда Түркістан облысының полицейлері жолда түрлі жағдайлармен тұрып қалған 12 көлік жүргізушісіне көмек көрсеткен.

«Жүк көлігі Тараз бағытына қарай жолға шыққан екен, көмек керек болғанын түсініп, тоқтап, ары қарай жүріп кетуіне көмектестік. Негізі біз жолда патрульдейтін болғандықтан, мұндай жағдайлармен жиі ұшырасамыз. Жақында ғана жол жиегінде көлігі бұзылған жүргізушіні көріп, көлікті сүйрейтін автокөлікті шақырып, жақын маңдағы автосервиске жеткізген болатынбыз. Сондай-ақ көлігінің жанар-жағармайы таусылып қалған жүргізушіге қажеттісін жеткізіп бердік» – дейді полиция қызметкері Алмат Смандияров.

Полиция азаматтарға жолға шыққанда бірінші кезекте қажетті заттарын жанында алып жүру және жол жүру ережесін бұзбау керектігін ескертеді. Ал ауа райы қолайсыз болған кезде жолға шықпаған жөн.

Back to top button