BasNewsЖаңалықтарПікір

Ерлан Қарин: Президент саяси реформалардың үшінші пакетін ұсынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәжілістің бірінші сессиясының ашылуында айтқан бастамалары – саяси реформалардың үшінші пакеті. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды BasNews.kz.

«Бүгін Мемлекет басшысы Мәжілістің бірінші сессиясының ашылуында бірқатар жаңа саяси бастаманы жария етті. Сол арқылы Президент жүйелі және дәйекті түрде саяси жаңғыру бағытын жүзеге асыруда. Бұл саяси реформалардың үшінші президенттік пакеті. Ол азаматтық қоғамның, сарапшылардың, Ұлттық кеңес мүшелерінің қатысуымен әзірленді. Онда саяси партиялардың ұсыныстары да ескерілген», – деп жазды Президенттің көмекшісі Facebook парақшасында.

Ерлан Қарин реформалардың алғашқы пакеті 2019 жылғы 20 желтоқсанда таныстырылғанын мәлім етті. Ол новеллалар іс жүзінде жүзеге асырылған. Партияны тіркеу жеңілдетіліп, партиялық тізімдегі әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота енгізілген.

«Парламенттік оппозиция институты енгізілді. Қылмыстық кодекстің 130-бабын декриминализациялау және 174-бабын ізгілендіру бастамасы іске асты. Митингілер туралы заң қабылданды. Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пактінің Екінші Факультативтік Хаттамасына қосылды. Осының нәтижесінде елде өлім жазасы алынып тасталды. Саяси реформалардың екінші пакетін Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында жария етті. Президент 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін тікелей сайлау арқылы анықтау керектігін мәлімдеді. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын және «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеу, сондай-ақ онлайн-петициялар үшін бірыңғай институт құру міндеттері тапсырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев реформалардың екінші пакеті аясында адам құқықтарына ерекше назар аударды. Осы мақсатта Мемлекет басшысы азаптауға, адам саудасына қарсы іс-қимыл және азаматтарды (әсіресе балаларды) кибербұзушылықтан қорғау үшін заңнаманы жетілдіру қажеттігін айтты. Балалардың құқықтары туралы конвенцияның байланыс процедурасы тұрғысындағы факультативті хаттамасына қосылу міндеті қойылды», – деп жазды Президенттің көмекшісі.

Ерлан Қарин Президенттің жаңа бастамалары Қазақстанның саяси жүйесін институционалдық тұрғыда ары қарай дамыту жағынан зор маңызға ие екенін жеткізді.

«Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Мәжіліске саяси партияларды енгізу шегін 7-ден 5% -ға дейін төмендетуді ұсынды. Осы норманың арқасында саяси бәсекелестік күшейіп, көптеген партиялардың Парламентке өту мүмкіндігі артады. Бұл сондай-ақ мемлекеттік саясатты айқындау кезінде халықтың неғұрлым кең ауқымының пікірін ескеруге мүмкіндік береді. Барлық деңгейдегі сайлауда «бәріне қарсы» бағанының енгізілуі сайлаушыларға балама позициясын білдіруге жол ашады. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші рет аудан әкімдерін сайлау туралы сөз қозғады. Бұрынғыдай Мемлекет басшысы адам құқығын қорғауды маңызды басымдық деп атады. Осы тұрғыда Президент омбудсмен туралы, оның әр түрлі саладағы қызметін оңтайландыратын жеке заңның қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар, Президент Адам құқығы жөніндегі уәкіл аппаратын аймақтық кеңселерін құруға дейін нығайтуды тапсырды», – деді ол.

Ерлан Қарин осылайша, Мемлекет басшыларының жаңа бастамалары салмақты әрі көлемді саяси реформалар пакеті екенін атап өтті.

«Оны жүзеге асыру – адам құқығын қорғау жүйесін бекітуде, азаматтық белсенділікті арттыруға, парламентаризм мен көппартиялық жүйені дамытуға, елді ары қарай демократияландыруда маңызды қадам болады. Саяси жаңғыру – мемлекеттің күн тәртібінің ұзақ мерзімді әрі негізгі мақсаттарының бірі. Президент бұл мәселеге бірінші кезекте мән береді. Сол себепті алдағы реформаларды әзірлеу жұмысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы аясында жалғасады», – дейді Ерлан Қарин.

Back to top button