2020 жылы kazakh invest қолдауымен $1,6 млрд-қа 36 жоба іске асырылды
Инвестициялар тарту бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс аясында Тәуелсіздік жылдары елімізге $360 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылды, деп хабарлайды BasNews.kz ақпарат порталы «KAZAKH INVEST» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанға шетелдік бизнесті тарту бойынша жұмысты күшейту қажеттілігі туралы тапсырмасын орындау мақсатында «KAZAKH INVEST» тарапынан айтарлықтай жұмыс атқарылды.
«Пандемияға және бірқатар шектеу шараларына қарамастан, 2020 жылдың қорытындысы бойынша «KAZAKH INVEST» қолдауымен сомасына $1,6 млрд болатны 36 жаңа инвестициялық жоба іске асырылды. Олардың ішінде Қарағанды облысында «Linde Group» неміс ТҰК қатысуымен техникалық газдар өндірісі, Түркістан облысында «Polcotton» поляк компаниясының қатысуымен жылыжай кешені, Алматы облысында БАӘ ТҰК қатысуымен құрама жем өндірісі, сондай-ақ еліміздің түрлі өңірлерінде жалпы қуаты 368 МВт ЖЭК 7 жобасы іске қосылды», – деп хабарлады «KAZAKH INVEST» Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Өзбеков.
Карантиндік шараларды жеңілдету кезеңінде «KAZAKH INVEST» еліміздің инвестициялық имиджін ілгерілету бойынша бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды. Пікірталастарға Солтүстік Еуропа, БАӘ, Ұлыбритания, Германия, Түркия, ҚХР және Украина елдерінің іскер топтарының өкілдері қатысты. Онлайн форматта әлемнің 50-ден астам елінен 6 мыңға жуық адамды қамтитын 40-тан астам тақырыптық вебинарлар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, жыл қорытындысы бойынша Қазақстанға «KAZAKH INVEST» қолдауымен АҚШ, Германия, Ресей, БАӘ, Үндістан, Оңтүстік Корея және басқа елдерден 70-тен астам шетелдік бизнес-делегация келді. Инвесторлардың 2 мыңнан астам ауызша және жазбаша өтініштері қаралды.
«Инвестицияларды тартудың үш деңгейлі жүйесінің жұмысын нығайту мақсатында 65 елдік инвестициялық бағдарлама әзірленді, оның шеңберінде инвестициялық жобаларды іріктеу және сүйемелдеу, сондай-ақ белсенді инвесторларды анықтау мәселелеріне нақты көзқарас бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Олардың стратегиялық даму жоспарларын ескере отырып, біз ықтимал инвесторларды іріктеп алып, оларды Қазақстанда өз жобаларын іске асыруға шақыра аламыз», – деп атап өтті Ғалым Өзбеков.
Сонымен қатар, инвестициялық саладағы институционалдық өзара іс-қимылды күшейтуге көп көңіл бөлінеді. Мысалы, 2020 жылдың күзінде барлық американдық іскерлік қоғамдастықты біріктіретін АҚШ Сауда палатасы жанынан Қазақстан-американдық Іскерлік кеңес құрылды. 2021 жылдың басында АҚШ, Қазақстан және Өзбекстан Үкіметтері Орталық Азия инвестициялық әріптестігін құру туралы мәлімдеді. Бұл бастама аясында АҚШ-тың халықаралық қаржы даму корпорациясы (DFC), Қазақстан мен Өзбекстанға 5 жыл ішінде кемінде $1 млрд инвестициялауды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, инвестициялық ахуалды жақсарту, құқықтық базаны жетілдіру және стратегиялық инвесторларды қолдау мақсатында инвесторларды қолдаудың жаңа құралы – инвестициялар туралы келісім енгізілді.
Халықаралық ұйымдардың жаһандық инвестициялық ағындардың төмендеуі туралы болжамдарын назарға ала отырып, «KAZAKH INVEST» тарапынан инвестициялық мүмкіндіктерді жылжытуды күшейту, Қазақстанға инвесторларды тарту, сондай-ақ ағымдағы жылы 40-тан астам жаңа өндірістерді іске қосуға жәрдем көрсету бойынша белсенді жұмыс жалғастырылатын болады