BasNewsЖаңалықтар

Елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған шаңғы фестивалі өтіп жатыр

Ел астанасында шаңғыдан республикалық фестиваль басталды, деп хабарлайды BasNews.kz.

Осымен екінші жыл ұйымдастырылып отырған шаңғы фестиваліне елорда және еліміздің басқа да өңірлерінен арнайы келген 250-дей әуесқой спортшы қатысып жатыр. Шаңғы тебу жарысы қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше санатқа бөлінеді және олар 1,2,3 және 5 шақырымды бағындыруы тиіс.

«Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Мемлекет басшысы жыл сайынғы халыққа Жолдауында бұқаралық спортқа ерекше тоқталып, салауатты өмір салтын қолдайтынын баса айтады. Биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай спорттың бірнеше түрінен көптеген іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Соның бастауы бүгінгі шаңғы фестивалі. Жалпы шаңғы – ең демократиялы және көптеген адамдардың сүйікті спорт түріне жатады. Біздің елімізде шаңғы спорты кәсіби және бұқаралық тұрғыдан да жақсы жолға қойылған. Соның дәлелі бүгінгі фестивальге қатысуға ниет білдірушілердің көптігі. Әсіресе балалардың белсенділігі ерекше қуантады. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова шаңғы фестивалінің ашылу салтанатынды.

Шаңғы фестивалі тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып отыр. Сондай-ақ, жарыс нәтижесінде жеңімпаздарға құрмет грамотасы мен арнайы медаль табыс етіледі.

«Шаңғы фестиваліне қатысу үшін Семей қаласынан арнайы келдім. Әуесқой ретінде спорттың бұл түрімен бала күнімнен айналысамын. Семейде де шаңғыдан жыл сайын әуесқойлар арасында жарыс ұйымдастырылады, үнемі қатысамын. Ал биыл Нұр-Сұлтан қаласына келуді жөн көрдім. Өзім теміржол саласында еңбек еткенмін, қазір зейнетке шықтым. Шаңғыдан бөлек, әуесқой жеңіл атлетикамен шұғылданамын. 2019 жылы Мәскеуде өткен жеңіл атлетика жарысына Қазақстанның атынан қатысып, 2 орын иелендім», – дейді фестиваль қатысушысы Дәмегүл Бөлекбаева.

Бұқараны қолдау мақсатында аталған шараға Арман Шылманов, Сергей Цырульников секілді танымал спортшылар қатысты.

Back to top button