BasNewsЖаңалықтарСараптама

Қалыпты өмірге оралуға 7 жыл керек – Ерболат Досаев сарапшылар болжамын жариялады

Коронавирусқа қарсы вакцинацияның қазіргі қарқыны кезінде қалыпты өмірге оралуға әлі 7 жыл керек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды BasNews.kz.

«Коронавирусқа қарсы вакцина егудің басталуына байланысты оптимизмге қарамастан, 2021 жылдың алғашқы айында әлі де жоғары белгісіздік сақталды. Вирустың жаңа штаммының таралуы және бірқатар елдерде вакциналық протекционизмнің күшеюі әлемдік экономиканың қалпына келу қарқынын тежеуде. Вакцина өндірісі мен бөлінуі біркелкі жүргізілмей отыр. Вакцинация қарқыны бойынша Израиль алдыңғы қатардағы ел болып отыр. Онда халықтың 41,6 пайызы вакцинаның бір және одан да көп дозасын алды», – деді ол.

Оның айтуынша, әлемнің ірі экономикаларында вакцинация деңгейі айтарлықтай төмен.

Мәселен, Ұлыбританияда – 20,2, Америка Құрама Штаттарында – 10,9%, Еуроодақта – 2,9 пайыз ғана. Көптеген дамушы елдер әлі вакцина егуді бастаған да жоқ.

«Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша вакцинацияның қазіргі қарқыны кезінде әлем халқының 75 пайызын қамту және қалыпты өмірге қайтару үшін 7 жылдан астам уақыт қажет болады», – деді Ерболат Досаев.

ҰБ төрағасының айтуынша, қаңтарда пандемияның қайта өршуінен және вакциналарды таратудың кешігуінен экономиканың баяулауы мүмкін деген алаңдаушылыққа байланысты жаһандық қор нарықтары төмендеді. АҚШ-тағы нарықтар бірқатар компанияға қатысты кәсіби емес трейдерлердің алыпсатарлық мәмілелеріне байланысты қосымша қысымға ұшырады. Бұл құбылмалылық индексінің 22-ден 33 пайызға дейін 11 пайыздық тармаққа өсуіне әкелді. Соның аясында АҚШ доллары нығайды. Бұл АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздары кірістілігінің өсуімен бірге алтын бағасының төмендеуіне алып келді.

«Шектеу шараларын қатаңдату жағдайында іскерлік белсенділіктің жаһандық индексі биылғы жылғы қаңтарда 52,3 тармаққа дейін, оның ішінде өндіріс пен жаңа тапсырыстар өсуінің баяулауы нәтижесінде Еуроодақта – 48,7-ге дейін, Қытайда – 51,5-ке дейін төмендеді. Біркелкі емес және баяу вакцинация, жеткізу мен өндірудегі қиындықтар, жаңа штаммдардың пайда болуы және үнемі енгізілетін шектеулер 2021 жылы жаһандық сұраныстың өсуін тежейтін болады», -деді ол.

Back to top button
Close