BasNewsЖаңалықтарСараптама

Қажетті шара мен қарсы насихат: Коронавирус екпесі жайлы білікті мамандар не дейді

Медицина саласы мамандарының айтуынша вакциналаудың қандай түрі басталса да, әлемде оған қарсы күштер де әрекетін үдетіп, екпеге қарсы қаржыландыруды арттыра түседі. Ал бұл үрдіс айналып келіп, халықтың ойын екіге бөліп жарады.

«Сарапшыларға ғана сену керек»

Медицина ғылымдарының докторы, профессор Ләззат Ералиева коронавирус вакцинасы жайлы шын ақпаратты білгісі келетін адамдар сарапшыларға құлақ асуы керектігін мәлімдеді. Оның айтуынша ең алдымен, вакцина деген – дәрі емес. Ол инфекциялық ауруларды емдемейді.

«Бірақ тарихқа көз жүгіртіп қарайтын болсақ, әлем ауыр індеттерден вакциналаудың арқасында ғана арылған. Бір сөзбен айтқанда шешектен де, полиомиелиттен де вакцина құтқарған. Ал қазіргі уақытта коронавирус инфекциясына қарсы түрлі «аңыздар» да, әңгімелер де тарап жатыр. Бүкіл халық ол жайлы шынайы ақпаратты білгісі келсе, халықаралық және отандық сарапшыларға құлақ асуы керек», – дейді ол.

Бұған дейін де айтылғанындай,. вакцина салдырған адамның бойында қысқа мерзімдік жағымсыз белгілер болуы мүмкін. Бүкіл әлемде шығарылып жатқан коронавирус вакциналары құрамдары жағынан әртүрлі. Бұл вакцина адамға салынған кезде ағзада антидене және иммундық реакция пайда болады. Адам бойында вакцина әртүрлі деңгейде өтуі мүмкін. «Вакцина салдырған адамда тек жағымсыз белгілер пайда болады деген пікір де – қате» дейді Ләззат Ералиева.

Ләззат Ералиева бұл ретте созылмалы ауруы өршіген кезеңде адамға коронавирус вакцинасы салынбайтынын ескертеді.

«Қант диабеті секілді созылмалы ауруы бар адамдар коронавирусқа қарсы вакцинаны бірінші болып алуы керек. Бұл вакциналау алайда адамның созылмалы ауруының өршуі кезінде салынбауы тиіс. Мәселен, азамат белгілі бір созылмалы аурумен ауыратын болса, сол ауруы өршіген кезеңде вакцина әлбетте кейінге қалдырылады. Созылмалы аурулардың белгісі бәсеңдегеннен кейін, яғни регрессия кезінде вакцинаны салдыруға әбден болады. Мұндай жағдайда созылмалы ауруы бар адамға салынған вакцина сау адамға салынғанмен бірдей – ешқандай зияны жоқ», – деді Ләззат Ералиева.

Оның айтуынша, әлемде қазіргі уақытта ВИЧ-инфекциясын жұқтырған адамдарға да вакцина салынып жатыр. Вакцина жақсы нәтижесін көрсетіп келеді.

Кез келген вакцина қолданысқа енгізілмей тұрып, терең зерттелетінін де атап өту керек. Мәселен, «Спутник V» вакцинасы қазақстандық вакцина секілді репродуктивті функцияға еш әсер етпейді.

«Егер Qaz Covid-in вакцинасы туралы айтар болсақ, жалпы мұндай вакциналардың бәрі де 80 жылдан бері пайдаланылып келеді. Осылайша, тұмау немесе басқа да ауруларға қарсы вакциналар белгілі бір дәрежеде жыныстық функцияға әсер етуі мүмкін. Бірақ олар да, коронавирусқа қарсы вакцина да белсіздікке ұшыратпайды», – деді Ләззат Ералиева.

Елордада 1640 адамға коронавирусқа қарсы вакцина салынды

Нұр-Сұлтан қалалық №2 емханасының директоры Ләззат Рүспекова болса, бүгінге дейін 1640 адамға коронавирусқа қарсы вакцина салынып қойғанын атап өтті. Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен елордада бірінші болып вакцина егетін бес емхана бекітілген. Осы емханаларда ең алдымен вирусты жұқтыру қаупі жоғары азаматтарға салына бастады. Екпе жұмыстарын бастамас бұрын бес емханада дайындық және ұйымдастыру жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, вакцинаны тасымалдауға арналған термоконтейнерлер алынды, оқыту жұмыстары өткізіліп, санитарлық-эпидемиологиялық сала қызметкерлерімен қатар медицина қызметкерлері аттестаттаудан өткен.

Ләззат Рүспекова қауіп тобына жататын азаматтардан кейін халықты жаппай вакциналау басталатынын жеткізді.

«Бұған дейін айтылғандай, ең бірінші кезекте вакцина медицина қызметкерлеріне салынады. Себебі олар қауіпті ошақтағы қызметкерлер саналады. Одан кейін біз мұғалімдерге, полиция қызметкерлеріне, студенттерге екпе саламыз. Одан соң халыққа вакцина салуды бастап кетеміз. Әлбетте, әр азамат қай емханаға тіркеліп тұрғанын өзі біледі. Қазіргі уақытта емханаларда дайындық жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, тізім дұрыс түзілуі керек. Диспансерлік топтағы азаматтар мен есептегі пациенттер айқындалуы тиіс. Біз әрине, кесте құрамыз. Бұған дейін медицина қызметкерлері бірнеше рет ескерткендей, адамдар кезек күтіп бір орында жиналып қалмауы тиіс», – деді Ләззат Рүспекова.

Қажет болған жағдайда әр емхана екпе кабинеттерінің санын үштен беске дейін де жеткізбек. Бәрі де емханаға тіркелген адам санына байланысты болады.

14 мың медицина қызметкеріне вакцина салынды

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми практикалық орталығының дәрігер-эпидемиологы, сарапшы Лена Қасабекова коронавирусқа қарсы вакцинаны салдырған адамдарда қандай да бір аурудың асқыну белгілері байқалмағанын жеткізді.

«Бүгінгі күні әлемде коронавирус инфекциясына қарсы 200-ге тарта вакцина жасалып жатыр. Оның ішінде алты вакцина қолданысқа еніп кетті. Соның ішінде Қазақстан ТМД елдері ішінде алғашқы елдердің бірі болып коронавирус инфекциясына қарсы екпені бастап кетті. Әрине, бүгінгі таңда бәріміз көріп-біліп отырғандай індетпен күрестің бірден бір тиімді жолы – вакциналау екенін бүкіл әлем мойындап отыр. Сондықтан медицина қызметкерлеріне бірінші болып вакцина егу басталды. Ақпан айынан бастап егілгендердің саны 14 мыңға жуық болып отыр. Адамдардың арасында вакцинадан кейін аса бір ауыр асқыну белгілері байқалған жоқ», – деді Лена Қасабекова.

Оның айтуынша, вакцинадан кейін күтілетін реакциялар болады. «Екпе салған орында қызару, ауырсыну белгілері болады. Қызудың көтерілуі, қысқа уақытқа артериялық қысымның жоғарылауы байқалады. Бірақ бұл белгілердің бәрі де ешқандай медициналық көмекті қажет етпеді», – деді ол.

Баспасөз мәслихаты барысында оған «Вакциналауға қарсы насихат кімге тиімді?» деген сұрақ қойылды.

«Бүкіл әлемде антивакциналық қозғалыстарды белгілі бір күштер қаржыландырып отырады. Қазіргі таңда әлемнің кей жерлерінде алдын алу вакцинасынан бас тарту жағдайлары кездеседі. Вакцинадан бас тарту себебі де әртүрлі. Шынтуайтына келгенде қандай да бір жаппай вакциналау немесе қосымша иммундау шаралары жүргізілсе, мұндай ұйымдардың белсенділігі тіптен арта түседі. Сондықтан біз осыған ұқсас басқа да шаралардағыдай, осындай қарсылықпен бетпе-бет келіп жатамыз. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы біз де вакциналау – індеттен құтылудың бірден бір амалы екенін барынша түсіндіргіміз келеді», – деді Лена Қасабекова.

Back to top button