BasNewsЖаңалықтар

«Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылмақ

Елордада «Nur Otan» партиясы астаналық филиалының Саяси кеңесі Бюросы отырыс өткізді. Жиында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудың 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді, деп хабарлайды BasNews.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жол картасында 10 негізгі сын-тәуекел анықталған: қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету; үлестік құрылыс; әлеуметтік сала; шет аймақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды дамыту; газдандыру; жолдар мен қоғамдық көлік; нөсер кәрізі мен тазарту құрылыстары; экология; қоғамдық қауіпсіздік және шағын және орта бизнесті дамыту.

«Nur Otan» партиясы өз сайлауалды бағдарламасында анықтағандай, тұрғындарды толғандыратын мәселелер қала дамуының басым бағыттарына енді. Оның басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үздіксіз жақсарту үшін жағдай жасау. Әлеуметтік салаға, яғни білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғауға үлкен көңіл бөлінеді. Алдағы бес жылда 30 дәрігерлік амбулатория, жаңа көпбейінді аурухана мен перзентхана салынады. Алдағы бес жылда үш ауысымды және бала саны көп мектептерден толық арылу жоспарланып отыр. Ол үшін 50 жаңа мектеп салу көзделген», – дейді «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Даулет Кәрібек.

Елорданың көптеген тұрғындарын алаңдатып отырған өзекті мәселе – қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұл мәселені шешу үшін жыл сайын 10 мың пәтер салу жоспарлануда.

«Жастар – біздің болашағымыз. Елордада шамамен 250 мың жастар тұрады. Оларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бұл жұмыс істейтін жастарға арналған «Елорда жастары» қалалық тұрғын үй бағдарламасын іске қосу, бизнесті дамытуға, оқуға және спортпен шұғылдануға қолдау көрсету», – дейді Д. Кәрібек.

Тұрғын үй алаптарында жайлы және толыққанды өмір сүру үшін 130 км сумен жабдықтау және су бұру желілері, 85 км нөсер кәрізі, үш нөсер кәрізін тазарту құрылыстары кешені, бір қосалқы станция және 177 км электрмен жабдықтау желілері салынады. 500 ауланы жөндеу және абаттандыру жоспарланған.

«Сапалы жолдар мен қоғамдық көліктің үздіксіз жұмыс істеуі – елордадағы жайлы өмірдің маңызды құрамдас бөлігі. Желілердегі автобустар саны артады, маршруттық желі жаңғыртылады, бұл қала тұрғындарының көпшілігіне қоғамдық көлік қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді. 300 мың автожүргізушіге қолайлы жағдай жасау үшін 250-ден астам көшеге жөндеу жүргізілді. Қазіргі уақытта қалада нөсерге арналған кәріз желілері мен құрылыстары салынып жатыр. Бұл жұмыстардың аяқталуы – елордадағы экологиялық жағдайды жақсартады, ғимараттар мен үйлерді су басу қаупін азайтады, қаланы таза етеді», – дейді спикер.

Сонымен бірге, пандемия экономиканың барлық салаларына айтарлықтай әсер етті, бизнесті жүргізудің әлсіз тұстарын көрсетіп, өз жұмысын қайта форматтауды міндеттеді. Бұл ретте 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр (жыл сайын орта есеппен 27 мың жаңа жұмыс орындарын ашу, гранттар, жеңілдетілген несиелер, субсидиялар бөлу және т.б.). «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы – біздің қаламыздың 5 жылға арналған даму жоспары. Аталған жоспарлар мен уәделердің барлығын орындап, қол жеткіземіз», – дейді Дәулет Кәрібек.

 

Back to top button