Алматыда жол жөндеу жұмысы уақытша тоқтатылды

Алматыда ауа райының қолайсыздығына байланысты жол жөндеу жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды BasNews.kz.
«Ауа райының қолайсыздығына байланысты 21 сәуірде жолдарды жөндеу жұмыстары уақытша тоқтатылды», – деп хабарлады Алматы қалалық мобильділік басқармасынан.
Айта кетейік, сәуір айының басынан бастап қала көшелерінде жөндеу басталды. Осы уақытқа дейін жолдағы 4 мыңға жуық ойық-шұңқыр бітелді.
Күнделікті жөндеу жұмысына 400-ден астам жұмысшы мен 155 арнайы техника жұмылдырылады. Алматының 256 көшесіне жөндеу жоспарланған.
Жалпы, Алматы қаласында көше-жол желісінің ұзындығы 3 096,8 шақырым, көше саны – 2 746. Оның ішінде магистральды маңызы бар көше саны – 385, олардың ұзындығы 1 150 шақырым. Жергілікті маңызы бар көше саны – 2361, олардың ұзындығы 1 946,8 шақырым.