BasNewsЖаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында өрт толықтай сөндірілді

Шығыс Қазақстан облысы Риддер орман шаруашылығында шыққан тілсіз жау толықтай ауыздықталды, деп хабарлайды BasNews.kz.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 12 мамыр сағат 14.30-дағы жағдай бойынша, жалпы ауданы 272,4 гектарды шарпыған дала өрті өшірілді.

«Қызыл жалын осыдан екі күн бұрын сағат 13.55-те Риддер орман шаруашылығында шыққан болатын. Екпіні секундына 20 метрге дейін жеткен желдің салдарынан өртті сөндіру қиынға соқты. Тілсіз жаумен күреске жеке құрамнан 493 адам, 69 техника және 2 тікұшақ жұмылдырылды», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Естеріңізге сала кетсек, 10 мамырда Шығыс Қазақстандағы Риддер орман шаруашылығында алапат өрт шықты. Өрттен 1 адам қаза тауып, тағы екеуі жарақаттанды.

Мемлекет басшысы Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі тілсіз жаудан зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды.

11 мамыр күні, сағат 18.20-да өрттің таралуы тоқтатылды.

Қала әкімдігінде құрылған комиссия тұрғын үйлерге қатысты материалдық шығынды анықтауға кірісті.

Back to top button
Close