BasNewsЖаңалықтар

Нұр-Сұлтанда құрылысы бітпей жатып сүрілген нысанның орнына не салынады

Елордағы Сыртқы істер министрлігі ғимаратының жанындағы нысан салынып бітпей жатып, қайта сүріле бастады. «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз қызметі ғимараттың неге бұзылатыны және орнына не салынатыны туралы мәлімет таратты, деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Астаналық фотограф Владислав Воднев өзінің Instagram парақшасында көптен бері құрылысы тоқтап тұрған нысанды бұзу жұмыстары басталғанын жазды жазды.

«Сарайшық көшесінде көптен бері құрылысы тоқтап тұрған нысанды сүру жұмыстары басталды. Дәл осындай әдіспен жақында «Территория комфорта» тұрғын үй кешені қиратылған еді», – деп еске алады фотограф.

«Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз қызметі осы оқиғаның мән-жайын түсіндірді.

«Astana» ӘКК «АҚ бірлескен инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін «VYOL» ЖШС-не жер телімін берді. Қазір ғимараттарды бұзу жұмыстары жүріп жатыр. Инвестор әуелі бұл жерде Халықаралық ұйымдар орталығын салады. Кейін көпфункционалды кешен салуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, жоба толығымен инвестор есебінен қаржыландырылады. Бұзуға және құрылыс қалдықтарын кәдеге жаратуға алынған рұқсаттары бар», – деп түсіндірді компанияның баспасөз қызметі.

2021 жылғы 27 сәуірде қоғам жобаны іске асыру шеңберінде «VYOL» ЖШС-не жер учаскесін берген екен. Ал 2 тамызда құрылысы аяқталмаған нысанды бұзып, қалдықтарын кәдеге жарату туралы тиісті шешімді алған. 18 тамызда «Vyol» ЖШС-не Нұр-Сұлтан қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы құрылыс-монтаж жұмыстарының бастау керектігі туралы хабарлама жіберген.

«Құрылысты қаржыландыруды ұйымдастыру, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және оны белгіленген тәртіппен бекіту, мердігерлермен құрылыс шарттарын жасасу, объектіні барлық қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, құрылысы аяқталған объектіні пайдалануға қабылдауды жүзеге асыру, сондай-ақ объектіні салу үшін қажетті өзге де жұмыстардың орындалуын қамтамасыз ету міндеттемелерін инвестор дербес көтереді. Қоғам, өз кезегінде, жобаны жедел іске асыру үшін қажетті кез келген меншік нысанындағы (ұйымдық-құқықтық нысандағы) мемлекеттік және коммуналдық ұйымдармен мәселелерді келісу бойынша жұмыстарды үйлестіруге жәрдемдеседі», – деді «Astana» ӘКК мамандары.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button