BasNewsЖаңалықтар

Қазақстанда шәкіртақы өсті

Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап қазақстандық ЖОО студенттері, магистранттары мен докторанттарының шәкіртақысы өсті. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі мәлім етті, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

БҒМ мәліметінше, Президенттің тапсырмасын және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында бакалавр шәкіртақысы 20 пайызға, магистранттар мен докторанттар шәкіртақысы 15 пайызға көтерілген.

«Бакалавр шәкіртақысы 26186 теңгеден 31423 теңгеге дейін өсті. Педагогикалық мамандықтар бойынша білім алатын ЖОО студенттері бұрынғы 42000 теңгенің орнына 50400 теңге алады. Сондай-ақ, біз Президенттің тапсырмасын орындап болашақ дәрігерлердің шәкіртақысын едәуір арттырдық. Олар 26 186 теңгенің орнына 50 400 теңге алады. Былтыр қаңтарда бакалаврлар шәкіртақысы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 25 пайызға көтерілгенін еске саламын. Іс жүзінде соңғы екі жылда бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы екі есеге артты», – деді білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Сондай-ақ, магистранттар, докторанттар мен интерндердің шәкіртақысы өскен. Егер бұрын магистранттар 66913 теңге алса, енді олардың ай сайынғы шәкіртақысы – 76950 теңге. Докторанттар стипендиясы 150000 теңгеден 172500 теңгеге дейін, интерндер – 47431 теңгеден 59289 теңгеге дейін өскен.

Барлық өзгеріс пен толықтыру Үкімет қаулысымен жоғары оқу орындарының білім алушыларына мемлекеттік шәкіртақыны тағайындау, төлеу және олардың мөлшері ережесіне енгізілді.

Back to top button