BasNewsЖаңалықтар

Тоқаев Қазақстанның Ауғанстандағы ахуалға қатысты ұстанымын айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ауғанстандағы ахуалға қатысты ұстанымын айтты, деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-те жазды.

«Ауғанстандағы күрделі дағдарыс жағдайында Қазақстанның прагматикалық сыртқы саясаты маңызды болып отыр. Соғыстан тоз-тозы шыққан бұл елмен ортақ шекарамыз болмаса да, Алматы мен Кабулдың арасы ұшақпен бір-ақ сағаттық жер.
Мен ТМД, Еуропалық Одақ және Таяу Шығыстағы әріптестеріммен тығыз байланыста отырмын», – деді ол шетел елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау рәсімінде.

Мемлекет басшысы егер қандай да бір мемлекеттер мен үкімет басшылары ниет білдірсе, олармен ой-пікір алмасуға әрқашан дайын екенін жеткізді.

Әзірге Ауғанстандағы дүрбелең өңірлік қауіпсіздік проблемаларына назар аудартып тұр. Қазақстан зорлық-зомбылықтың, заңсыз есірткі айналымының және Ауғанстаннан тыс жерлерге бақылаусыз көшіп кетудің алдын алу мақсатында бұл елмен ынтымақтастық орнатуға дайын. Тәліптер біртұтас, инклюзивті және өкілетті ұлттық үкімет қалыптастырып, өздерінің, шын мәнінде, байсалды позиция ұстанатынын және келіссөздерге бейілді екенін дәлелдейді деп үміттенемін, – деді ол.

Қазақстан Ауғанстанның өз ішінде және көршілерімен тату-тәтті, бейбітшілікте өмір сүретін тұрақты, егемен және біртұтас мемлекет болғанын қалайды.

Біз бірінші кезекте елдегі қалыптасқан гуманитарлық қиыншылықтарды шешу үшін жаңа билікпен конструктивті іскерлік байланыстар орнатуға дайынбыз. Халықаралық қоғамдастық Ауғанстанды қазіргідей дағдарыс кезінде қиыншылықтармен бетпе-бет қалдырмауы керек. Керісінше, біз болашақта Ауғанстанның экономикалық және орнықты дамуы үшін барлық іс-әрекеттеріміз бен жоспарларымызды жұмылдыруымыз керек, – деді Қазақстан Президенті.

Back to top button