BasNewsЖаңалықтар

Шымкент мектебінде бұрыш қосылған газ баллонын шашыратқан

Шымкент мектептерінің бірінде уытты газ баллоны шашылған, деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Сабақ арасындағы қысқа үзілістердің кезінде мектеп оқушыларының бірі бұрыш қосылған газ баллонын шашыратқан. Соның салдарынан 7 оқушы мен мектептің 1 қызметкері зардап шеккені белгілі.

«Мұндай жағдай мектеп қабырғасында алғаш рет орын алып отыр. Бүгін шамамен сағат 09.50-де 9-сынып оқушысы үзіліс кезінде әкесі өзін-өзі қорғау үшін сатып әперген бұрыш қосылған газ баллонын қолданып көруге тырысқан. Ол тек шашып көрмек болған. Түсіндіру жұмысы жүргізілді», – деді білім ордасы директорының орынбасары Нұрмаханбет Әбдіразақов.

Оқиға орнына бірден жедел жәрдем қызметі жетіп, балаларға алғашқы көмек көрсеткен.

Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позыловтың айтуынша, №55 мектепте белгісіз адамның уытты газ баллонын шашқаны туралы ақпарат түскен. Бірақ, балалардың денсаулығына айтарлықтай қауіп жоқ. Олар бұрыштың өткір жағымсыз иісін сезінген.

«Шұғыл түрде жедел жәрдем қызметінің 3 бригадасын жібердік. Олар оқиға орнына 7-8 минуттың ішінде жетті. 7 оқушы мен мектептің бір қызметкерін тексерді. Барлығына да алғашқы медициналық көмек көрсетілді. 3 оқушыны қалалық Гибербариялық оттектену орталығына жеткіздік. Оларға да алғашқы көмек көрсетіліп, үйлеріне апардық. Қазіргі уақытта барлығының жағдай жақсы. Үш күн бойы оларды бақылауда ұстаймыз», – деді Бақытжан Позылов.

Back to top button