BasNewsЖаңалықтарСараптама

Қазақ-қытай шекарасындағы Нұркент қаласы өсіп келеді

Алматы облысындағы Нұркент қаласының құрылысына қатысты жаңа деректер жарияланды. 

Облыстық құрылыс басқармасы биыл жаңа қаланың инфрақұрылымына 5 млрд-тан астам теңге бағыттау жоспарланғанын хабарлады.

«Жалпы, «Нұркент қаласының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарын салу. Бірінші кезек» жобасының құны 74,6 млрд теңгені құрайды. Бұл сома өзгерген жоқ. 2020 жылға республикалық бюджеттің нақтылауына 5,6 млрд теңгеге бюджеттік өтініш берілді», – деп түсіндірді құрылыс басқармасы.

Атап айтқанда, көрсетілген сома телефон және электр желілерін тартуға, сондай-ақ алғашқы аудандағы 110 кВ-қа арналған станция құрылысына, су тарту нысандарына бағытталады. Басқарма жыл соңына дейін 1 миллиард теңгеге 60 пәтерлік екі үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отырғанын қосты. Сондай-ақ, биыл олар құны 1 млрд теңгеге 60 пәтерлі тағы екі үйдің құрылысын бастағалы отырғанын жеткізді.

2020 жылы сәуірде 80 пәтерлік екі үйдің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, «Қазақстан темір жолы» өз қызметкерлері үшін 60 пәтерлік төрт тұрғын үй салғысы келеді. Компанияның министрлер кабинетіне қаражат бөлу туралы хат жолдағаны атап өтілген.

Базалық мобильді кешенді (БМК) электр және жылумен жабдықтау желілері қазірдің өзінде іске қосылды. Ағынды сулар желілерінің құрылысы да аяқталуға жақын. Ақпаратқа сәйкес, бұған 2,4 миллиард теңге жұмсалған. Бұл қалада 99 мыңға дейін адам тұрады деп жоспарланған.

Анықтама

Нұркент – қазақ-қытай шекарасында салынатын қала, оның құрылысы 2035 жылға дейін аяқталады. Жоба бойынша қаланың аумағы – 6895,9 га. Қалада биік ғимараттар, мұз аренасы, мұражайлар мен сауда орталықтары болады. Қазіргі уақытта ол жерде 2 мың адам тұратын елдімекен тұр.

Жаңа қала «Қорғас – Шығыс қақпасы»арнайы экономикалық аймағының құрамына енеді.

Дереккөзі: LS басылымы

Back to top button