Нұр-Сұлтанда ревакцинацияның басталу датасы белгілі болды
Қазақстанда, соның ішінде Нұр-Сұлтанда коронавирусқа қарсы ревакцинация қарашаның екінші жартысында басталады. Қалалық емхананың ЖТД бөлімінің меңгерушісі Сыздықова бірінші қай санаттағы қазақстандықтар вакцина алатынын айтты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Коронавирусқа қарсы ревакцинация иммунитетті нығайту үшін жүргізіледі. Оны бірінші кезекте ауруға бейім адамдар санаты алады.
«Бірінші кезекте коронавирусқа қарсы екпені алғашқы алатындар – медицина қызметкерлері, педагогтер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Әрине, бәрі ерікті негізде. Сондай-ақ, бірінші кезекте ревакцинациядан созылмалы аурулары бар қарт адамдар өткені абзал, өйткені олар тәуекел тобына кіреді», – деп түсіндірді Гүлнар Сыздықова.
Айта кетерлік жайт, ревакцинация мерзімі вакцинаның екінші дозасын алған сәттен бастап 6 айдан 9 айға дейін өзгереді. Дәрігерлер сонымен қатар кросс-вакцинацияны, басқаша айтқанда, вакцинаның басқа түрін егуді ұсынады.
«Спутник V» алғаннан кейін ревакцинацияны 9 айдан кейін жүргізу керек, өйткені бұл – векторлық, күшейтілген вакцина. Отандық QazVac пен қытайлық Vero Cell – 6 айдан соң», – деп нақтылады дәрігер.
Ведомство мәліметінше, вакцинация пандемиямен күресудің жалғыз тиімді әдісі болып қала береді. Вакцина ұжымдық иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді, бұл коронавирустық инфекцияның таралуын тоқтатады.



