Қазақстанда жылыту жүйесіндегі бұзушылықтар үшін айыппұл салынады
Энергетика министрлігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін заң жобасын дайындады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Заң жобасы жылу энергетикасы туралы заңнаманы бұзғаны үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын іске асыруға бағытталған.
Атап айтқанда, жоғары энергия тұтыну тұтынушылардың кінәсінен жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін бес жылдан кейін энергия тиімділігінің белгіленген сыныбына қол жеткізбегені үшін жауапкершілік көзделетін бап пайда болады. Бұл бұзушылық үшін ғимарат иесіне айыппұл қарастырылған.
Бұдан басқа, жылу энергиясын тұтыну кезінде оның ысырабын азайту жөніндегі іс-шараларды орындамағаны үшін жазалау жоспарлануда.
Мәселе көп пәтерлі тұрғын үйлерді жылуға қайта қосу жайында, мұндай іс-шаралар, кесте мен мерзімдер мүлік иелері бірлестігінің, үй-жай серіктестігі немесе пәтер иелері кооперативінің шешімімен белгіленген тәртіппен айқындалған.
Белгіленген нормалар бұзылған жағдайда мүлік иелері бірлестігінің бірінші басшысына немесе, тиісінше, үй-жай серіктестігі немесе пәтер иелері кооперативінің бірінші басшысына айыппұл көзделеді.
Сондай-ақ, жауапкершілікке мына жағдайда тартылады:
- энергия аудитінің қорытындылары бойынша айқындалған іс-шараларды белгіленген мерзімде орындамау;
- жылу энергиясын тұтыну деңгейін жобадан асыру;
- жылумен жабдықтау жүйесіне өз бетінше қосылу;
- жобадан өзгеше етіп жабдықтау жүйесін өз бетінше өзгерту;
- жылыту жүйесінің жұмысына тұтынушылардың өз бетінше араласуы, соның ішінде бекіту арматурасын, бөгеттерді, сорғыны, вентильді және т. б. орнату арқылы.
Негіздемеде заң жобасын әзірлеу қажеттілігі жақында әзірленген «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасынан туындайтыны түсіндіріледі.
Айыппұл мөлшері әлі анықталған жоқ.
Заң жобасы жылу энергетикасы саласындағы қызметті реттейді және Қазақстан Республикасының жазы ыстық және қысы суық болуымен климатын ескере отырып, халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін технологиялық және өзге де талаптарды сақтамағаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.
Энергетика министрлігінде атап өткендей, қолданыстағы заңнамада жылу энергетикасы саласындағы субъектілерге қатысты әкімшілік шараларды қолдану мәселесі ішінара қамтылған.
Қазақстан Республикасындағы ағымдағы жағдайды және жылу энергетикасы саласындағы шетелдік заңнаманы талдауды негізге ала отырып, адал шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін ынталандыру шаралары жүйесін қалыптастырумен қатар, мемлекеттік бақылауды және талаптарды бұзғаны үшін жауапкершіліктің толыққанды жүйесін қалыптастыру қажет. Осыған байланысты, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексті жылу энергетикасы туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік шараларымен толықтыру қажет, – делінген құжатта.
Заң жобасы 30 қарашаға дейін «Ашық НҚА» сайтында жария талқылау үшін орналастырылған.



