BasNewsЖаңалықтар

Біржан Нұрымбетов: «Олжас Құдайбергенов жұмыс тобынан шығамын десе өз еркі!»

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергеновтың өзіне таққан айыбына жауап берді.

«Олжас Әбдімәлікұлы жұмыс тобынан шығамын десе, ол кісінің өз еркі. Бірақ жұмыс тобы Үкімет басшысының үкімімен жасақталған. Сондықтан ол топта болады. Ал енді ол кісі еліміздің азаматы, сарапшы ретінде пікірін айтуға құқылы. Оған ешқайсымыздың қарсылығымыз жоқ», деді Біржан Нұрымбетов Мәжілістегі жиыннан шыққан соң.

Ведомство басшысының айтуынша, үкіметтік жұмыс тобына 25 адам кіреді. «Оның ішінде экономистер, қоғам қайраткерлері де бар. Мәселен, Жақсыбек Күлекеев, Болат Жәмішев, Рахым Ошақбаев сіздерге танымал. Сондықтан, сол 25 адамның 24‑і біздің Үкімет ұсынған ұстанымын қолдайды десем ол артық болмайды. Айтып жатыр ғой, екі адам шешіпті деп. Ондай ешқашан да болмайды. Дұрыс түсініңіздер! Президентке ұсынысты Үкіметтің атынан бір‑екі шенеунік бермейді. Оның бәрі жұмыс тобында талқыланды», дейді министр.

Айта кетейік, белгілі экономист Олжас Құдайбергенов кеше өзінің Facebook парақшасында зейнетақы жүйесін реформалау үшін құрылған жұмыс тобындағы бірқатар шенеуніктерді айыптап, олардың дұрыс шешім қабылдай алатынына күмән келтірген еді. «Еңбек министрлігі деңгейінде өтетін жиындарда экс‑министр Тамара Дүйсенова төрағалық етеді. Ол қазір осы ведомствоға қарасты орталықты басқарады. Ал, министр бір де бір рет басқосуға қатысқан жоқ. Соған қарағанда министрлікке екі адам басшылық жасап жүрген сияқты. Оның үстіне бұрынғы министрді өзінің орынбасары болған адамға бағынышты етіп қою дұрыс емес. Тиісті шешім қабылдауға кедергі келтіреді» деп жазды Президенттің кеңесшісі.

Сондай‑ақ ол, Тамара Дүйсенова мен Біржан Нұрымбетовтың  осыған дейін жасаған ұсыныстары да орынсыз екенін айтады. Біріншіден, зейнетақы жинағын пайдалануға тек салымшылардың 1 процентіне ғана рұқсат беру ұсынылған. Ал олардың басым бөлігінің меншігінде баспана онсыз да бар, деп жалғастырды ол. «Оның үстіне, зейнетақы жүйесін реформалау көзделген жоқ. Яғни, шешімнің таяз екені көрініп тұр. Зейнетақы жүйесінің құрдымға кетуіне жол бергендер өз қызметінде отырған кезде, ешқандай реформа болмайды. Осыны ескере келе зейнетақы реформасы жөніндегі жұмыс тобынан шығатынымды мәлімдеймін. Аты аталған азаматтар отставкаға кетпей, оң шешім қабылданбайды», дейді Олжас Құдайбергенов.

Жұмыс тобы Мемлекет басшысы Қасым‑Жомарт Тоқаевтың зейнетақы жүйесін реформалау жөніндегі тапсырмасынан кейін құрылған болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button