BasNewsЖаңалықтар

Түркістан облысының әкімі брифингті бастан-аяқ мемлекеттік тілде өткізді

Бүгін елордада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев брифингті бастан-аяқ мемлекеттік тілде өткізді. Аймақ басшысы үш жыл ішінде өңірдің жеткен жетістіктері жайлы ғана емес, өткір проблемаларды шешу жолдары туралы да баяндады, – деп хабарлайды  Basnews.kz тілшісі.

Оның сөзінше, өңірде жұмыссыздықпен күрес қарқынды жүргізілуде. Мәселен, облыс құрылғалы бері 6 300 жаңа жұмыс орны ашылған.

Оған қоса, биылғы 10 айда жалпы құны 166 млрд. теңге болатын  26 жоба іске қосылып, тағы 1,5 мыңнан астам адам жұмысқа орналыстырылды.

«Өнеркәсіп саласына келетін болсақ, облыс болып қайта құрылған кезде, өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардың басым бөлігі Шымкент қаласында қалып қойды. Сондықтан біздің басты мақсатымыз облыста өндіріс саласын қайта құру болды. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында жеке инвестиция есебінен ірі жобалар іске атқарылуда», – деді облыс әкімі.

Туындаған қиындықтарға қарамастан, аймақта жеке инвестициялардың арқасында өндіріс зауыттары мен комбинаттар салынып, іске қосылуда. Осылайша, соңғы 3 жылда облыс экономикасына 1,4 трлн. теңгеден астам инвестиция бағытталып, 5 есеге өсті.

Өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға да үлкен көңіл бөлініп жатыр. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 144 мыңға жетіп, соңғы 3 жылда 17 мыңға артты.

«2021 жылдың ІІ-тоқсанына жұмыссыздық деңгейі 5,1% ғана құрады», – деп хабарлады Өмірзақ Шөкеев.

Жұмыссыздықпен күрес өз жемісін беріп жатқандықтан, облыста халық саны да еселеніп өсуде. Сондықтан тұрғын үй құрылысы қарқын алған.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында барлық қаржы көздері есебінен 232 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Биыл бюджет есебінен 42 тұрғын үй құрылысын тапсыру жоспарлануда. Нәтижесінде, 549 көп балалы және әлеуметтік осал отбасы баспанамен қамтылады. Ал, 2 096 отбасы жеңілдетілген несие арқылы пәтер сатып алу мүмкіндігіне ие болады»,- деп мәлімдеді Шөкеев.

Тек облыс қана емес, республика көлеміндегі проблемалардың бірі – су және газ мәселесі. Түркістан облысында бұл проблемалардың шешілуіне аз қалды. Себебі жыл соңына дейін өңір халқының 94,5%-ы таза ауыз сумен қамтылады, ал табиғи газбен  қамту деңгейі 85,6%-ы  жеткізіледі.

Өңірде медицина жоғары деңгейде дамып келеді.

«Облысымыз коронавирустың таралу қарқыны бойынша жыл бойы «жасыл аймақта» болған елдегі жалғыз аймақ. Бұл ретте бірлескен ұжымдық жұмыс пен дәрігерлердің еңбегі орасан зор, деп біз емес – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері атап өтті. Өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты, жұқпалы ауруханаларда дүрлікпе жоқ, төсек-орындардың көпшілігі бос», – деді әкім.

Халықтың әл-ауқатын артып жатқанының тағы бәр дәлелі – Түркістан қаласының дамуы. Соңғы 3 жылда шаһарда 536 жоба іске асып, 251 нысанның құрылысы аяқталып пайдалануға тапсырылды. Сондықтан туристер саны күннен-күнге өсіп жатыр. Мәселен, тек биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Түркістанға келіп, зиярат еткендер мен туристер саны 1 124 503-ға жетті.

«Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстар ары қарай да өз жалғасын табады. Біз бұл ретте аянбай жұмыс істеуге дайынбыз», – деп аяқтады Шөкеев.

 

 

Back to top button