BasNewsЖаңалықтар

Ауылға қарай жасалған «250» қадам

Цифрландыру  – бұл  баршаға қолжетімді болуы ортақ мүмкіндік. Бірінші кезекте, ауыл мен қала халқына жасалатын бірдей жағдай деп бағалау қажет. Интернетті шалғай өңірлерге жеткізу, кезек күттірмес шара екенін уақыт өзі көрсетіп берді. Әсіресе, пандемия кезеңі, қызмет көрсету, сауда саттықтан бастап,  білім берудің өзін онлайн кеңістікке өтуге итермеледі. Яғни, бұл қысылтаяң кезең сынақ пен қатар жаңа мүмкіндіктерге де жол ашты деуге болады.

Алдымен, осы оқу-ағарту тұсына тоқталатын болсақ. Оқушылар қашықтықтан білім алуға көшкен сәтте, интернеті жылдам шаһарлар мен кей ауылдарды салыстыру тіптен мүмкін емес еді. Себебі, кейінгілерінде  ғаламтор тұрмақ, байланыстың өзі нашар болғаны білім саласына үлкен сынақ болды. Осы мәселені шешуге  «250+» бағдарламасы үлкен септігін тигізді. Атында тұрғандай, жоба аясында мобильді операторлар өздерінің базалық станцияларын 250 және одан да көп тұрғыны бар елді мекендерге орнатты.

Бұл жобаның іске асуы мен ұйымдастырылуы “асар” дәстүрін еске салады. Ой ұғынықты болу үшін, жобаның кезеңдеріне жеке тоқталып өту қажет. Ауылдарға «Қазақтелеком»  кабель арқылы сигналды  жеткізеді. Ал,  осы нүктеден оны Tele2/Altel және Kcell байланыс компаниялары іліп алып, радиосигнал арқылы жақын ауылдарға кеңжолақты интернетті таратты.

Әдетте, нарықтық экономикада бәсекелестік бірінші орында. Онсыз, сан да сапа да болмайтыны анық. Сондықтан, ұялы байланыс операторлары бірінен бірі озу үшін түрлі бағдарламалар мен мүмкіндіктер ұсынып, тұтынушылардың таңдауы үшін таласады. Бір қызығы, “250+” жобасын іске асыру кезінде компаниялардың мақсат-мүдделері бірікті. Бәсекелес мекемелер осы жоба аясында бірлесіп әрекет етуге келісті. Яғни, бірі орнатқан базалық станцияны екінші компания пайдалана алды.  Мысалы, “Теле2” Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ортақшыл ауылында өзінің базалық станциясын орнатса, сол станцияны нарықтағы бәсекелес “Билайн” да пайдалана алды. Демек, ауылда бір станция арқылы барлық ұялы байланыс бірдей тарады. Бұл бір жағынан уақытты, екінші жағынан қаражатты үнемдеуге сеп болған. Сонымен қатар, неғұрлым көп елді мекенді  қамтуға көмектескен.

Интернетпен қамтылған ауылдарда тірліктің “қайнай” түскені анық. Себебі,  ұялы құрылғылар мен технологиялар, кең жолақты интернет адамдардың өмірін айтарлықтай өзгертті. Ақпарат алмасуды жеделдетіп, бизнесті дамыту мен білім алудың қосымша мүмкіндіктерін ашты. Көптеген қызметтер қолжетімді және қарапайым бола түсті. Бұл әсіресе шалғай аудандар үшін өте маңызды. Яғни, «250+» жобасымен қамтылған ауылдардың тұрғындары қала халқынан еш кем түспейтін ұялы байланыс қызметтерін пайдалана алатын болды.  Жедел хабар алмасу  және ғаламдық веб-ресурстардың барлығы күнделікті шаруаға айналды.

Мұндай жобаны іске асыру мемлекеттің қаржысы тартылды ма екен деген заңды сұрақ туындайды. Осы ретте, «Қазақтелеком»-ға сауал жолдадық. Қоғаммен байланыс бөлімі қызметкерлерінің хабарлауынша, «Қазақтелеком  компаниялар тобы елдің мыңнан астам ауылдарына ұялы байланыс желілерін тарту құрылысына қажет қаражаттың 65%-ын көтерді. “250+” бағдарламасын жүзеге асыруға бюджеттен ақша жұмсалмаған. Мұны негізінен әлеуметтік жоба деп қарастыруға болады. Ұялы байланыс компаниялары өз қаражаты есебінен жүзеге асырды. Бір айта кетерлігі, бұл бастамаға компания пайда әкеледі деп қарамайды. Керісінше, өте көп инветиция тартуды және құюды қажет етті. Ақталуы да ұзақ жылдарды қажет етеді. Сонықтан, әлеуметтік шара деп қарауға болады» – дейді мамандар.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы не үшін қажет, қандай миссияларды көздейді деген сұрақ көптің көкейінде бар. Әлбетте, интернеті жылдам қала тұрғындары үшін ғаламторға қолжетімділік қалыпты нәрсе. Ал, шалғайдағы елді мекендер үшін бұл үлкен арман. Бағдарлама аясында, “250+” сияқты жобалар іске асты. Соның нәтижесінде, 1000 аса ауыл мен 600 мыңнан астам оның тұрғындары заманауи телекоммуникацияға ие болды. Бұл өңір тұрғындары үшін зор мүмкіндіктерге жол ашты.

Қорыта айтқанда,  цифрландыру болашақтың емес, дәл қазір шешуді қажет ететін шаруа. Неге десеңіз, құжат алмасу, төлем жасау, тауарды сату мен жарнамалау, бәрі-бәрі, тіпті тұтас бизнес интернетке көшті. Яғни, ауыл мен қала тұрғындарына теңдей жағдай жасау өзекті мәселе.

                                                                                                                                               авторы: Айбек Қосан

Back to top button