BasNewsЖаңалықтар
Елордада аулалар мен пәтерлерді аралау жүріп жатыр
Елорда полицейлері қала бойынша аулалар мен пәтерлерді аралай бастады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан коменданты, Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов мәлімдеді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Сәденов елордалықтарға үндеуінде қалада жағдай тұрақты екенін айтты.
«Қала толық бақылауда. Блокбекеттер жұмыс істеп тұр. Қоғамдық тәртіп бұзғандарды анықтау мақсатында арнайы жедел-профилактикалық іс-шаралар, оның ішінде аулалар мен пәтерлерді аралау жүріп жатыр. Тұрғындарды түсінікпен қарап, қолғабыс етуге шақырамыз. Күдікті адамдар туралы ақпарат білсеңіз, хабарлаңыз», – деді ол.
Полиция департаментінің басшысы Нұр-Сұлтанда коменданттық сағат әлі де жалғасып жатқанын еске салды.



