BasNewsЖаңалықтар

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрланған қызметтік ит табылды

Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыскерлер қызметтік итті ұрлап кетті, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Полиция департаментінің мәліметінше, 5 қаңтар күні Ұлттық ұланның сарбазы, ефрейтор Рүстембек Байқарашев жарақат алып, Найтс атты итін жоғалтып алды.

«Шабуыл жасаушылар басымнан ұрды, сол кезде сәл әлсірегенімді пайдаланып, бауы қолымда тұрған иісшіл итімді алып кетті. Есімді жиған соң полиция қызметкерлеріне қылмыскерді суреттеп бердім. Оны бүгін қамауға алыпты», – деді ефрейтор.

«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы облысы аумағында шаһарға жақын жерде жаппай тәртіпсіздіктің белсенді қатысушы – 33 жастағы А.есімді азамат ұсталды. Төрт аяқты жауынгер бауға ілініп, аумақты күзетіп тұрған. Қазір ұсталған азаматтың жеке басы қайғылы оқиғалар кезінде орын алған басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде», – деді Әуезов аудандық ПБ бастығы Ұлан Әбілқайыр.

Иесі мен иттің көптен күткен кездесуі полиция бөлімшесінің қабырғасында өтті. Найтс жедел уәкілдердің кабинетінде тыныш отырып, серіктесін күтті.

Кинолог-сарбаз Найтспен жұптасып, қызметте жүргеніне бір жылдай болғанын айтты. Оның айтуынша, ит өте ақылды, мейірімді және тәртіпті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button