BasNewsЖаңалықтар

Павлодарда оқушылар тапаншадан оқ атты

Павлодарда мектеп оқушылары тұрғын үй терезесіне екі рет оқ атты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі Павлодар облыстық ПД-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бір үйге жиналған мектеп оқушылары жасөспірімдердің бірі алып келген тапаншаға ұқсас затты тексергісі келген. Осылайша, олар көпқабатты үйдің терезесінен атып көрген. Салдарынан 34 жастағы ер адамның терезесі бүлініп, ол полицияға шағымданған.

Аталған жайт туралы хабарлама полицияға 23 қаңтарда кешкі сағат 17.47-де түскен.

«Бұл дерек бойынша жедел-тергеу тобы жіберілді. Оқиға орнында белгісіз біреулер 2 рет оқ атқанын, оқ Бұқар жырау көшесінде орналасқан үйдің 3-қабатындағы балконның терезесіне тигені анықталды», – деп жазылған хабарламада.

Тексеріс барысында полиция қызметкерлері қаладағы №6, 16, 24, 29, 34 мектепте оқитын 13-15 жас аралығындағы оқушыларды ұстаған.

«Биыл 23 қаңтарда сағат 15.30 шамасында олар досының үйіне компьютерлік ойын ойнауға жиналған. Жасөспірімдердің бірі өзімен бірге тапаншаға ұқсас затты алып келген. Ол оны танысынан алған. Кейін олар тапаншаны тексеру үшін балконға шығып, кезекпен 5 рет оқ атқан. Оқтың бірі Бұқар жырау көшесін орналасқан пәтердің терезесіне тиген», – деп жазылған хабарламада.

Құзырлы орган тапаншаға ұқсас зат тәркіленіп, сараптамаға жіберілгенін атап өтті. Оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Полиция балалардың әрекетіне ата-анасы жауап беретінін айта кетті.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button