«7-20-25» және «Баспана хит» клиенттерінің ипотекалық төлемі 3 айға шегерілді
Тәртіпсіздіктер кезінде ТЖ режимі енгізілуіне байланысты «7-20-25» және «Баспана хиттен» ипотека алғандардың төлем уақыты үш айға шегеріледі, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі Қазақстан тұрақтылық қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ басқармасының шешімімен төтенше жағдай режимінің енгізілуінен зардап шеккен қарыз алушыларды қолдау іс-шараларын іске асыру аясында «7-20-25» және «Баспана хит» ипотекалық бағдарламаларының клиенттеріне айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмей, 2022 жылғы 5 қаңтардан бастап 90 күнге дейін төлемді кейінге қалдыру ұсынылды. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2022 жылғы 10 қаңтардағы бұйрығымен төтенше жағдай режимін енгізу салдарынан зардап шеккен жеке және заңды тұлғалардың қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды ұсыну тәртібі бекітілді», – делінген таратылған ақпаратта.
Тәртіпке сәйкес, банктер төлемдерді 2022 жылғы 5 қаңтардан 5 сәуірге дейінгі кезеңге кейінге қалдыруды ұсынады. Төлемді кейінге қалдыру қарыз алушының несие тарихына әсер етпейтіні айтылды.
«Төлемді кейінге қалдыру үшін қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, банкке өтінішпен жүгіну қажет. Өтініш электрон пошта, «банк-клиент» онлайн-жүйесі, интернет-ресурс, мобильді қосымша көмегімен немесе банк бөлімшесіне келу арқылы беріледі».
Өтініштерді қарау мерзімі 10 жұмыс күні. Өтініштер 2022 жылғы 4 сәуірге дейін (қоса алғанда) қабылданады.



